• 29 марта, 2024 2:07 дп

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА 40 НЕМЕРЕ, 120 ШӨБЕРЕСІ БАР 102 ЖАСТАҒЫ ӘЖЕ ДАУЫС БЕРДІ

Автор:admin

Ноя 20, 2022

Жетісай ауданында орналасқан 75 сайлау учаскесінде тұрғындардың белсенділігі жоғары. Ауданда денсаулығына байланысты учаскеге келе алмаған адамдарға таңдауларын жасау үшін мүмкіндіктер қарастырған.

Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері сайлаушылардың үйлеріне сайлау жәшігін апарған. Солардың бірі 102 жастағы Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Бәйтерек елдімекенінің тұрғыны Забира Смаилова.

«Осындай тоқшылықта, бейбіт елде өмір сүріп жатқан сендер бақытты ұрпақсыңдар ғой. Оқ пен оттың қатері жоқ. Сондықтан, қолда бар құндылықтарды бағалай білу керек. Кезінде аш та болдық, жәутеңдеп үреймен өмір сүрдік. Бүгін міне, өз еркіміз өзімізде тәуелсіз елміз. Барымызға қанағат жасап, болашаққа жақсы үміттермен өмір сүре білейік. Қашан да еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Еліміздің келешегі үшін дауыс беріп жатырмын», — деді Забира әжей.

Бүгінде 9 перзенттен тараған 40 немере мен 120 шөбере сүйіп отырған Забира әжей елдегі болып жатқан жағымды жаңалықтардан да хабардар екенін білдіріп, елді ынтымақ-бірлікке шақырды. 102 жасқа келген қарт ана елде жақсылықтың толастамауын тілейді.

Айта кетсек, Забира әже 1920 жылы дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғысты басынан өткізген кейуана белі қатып, бұғанасы бекімей жатып тың игеруге қатысқан. Қолына кетпен алып, шабық шауып, масақ терген. Диірменде ұн өткізіп, мал да баққан. Адал еңбегінің арқасында елдің құрметіне бөленіп, кеңес дәуірінде колхозда қарапайым жұмысшы болып, белі талмай еңбек еткен қарияның өмір жолы көпке үлгі боларлық.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Автор: admin