• 18 декабря, 2025 5:11 пп

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ҚАЙЫПНАЗАР ӘЙТПЕНОВТЫҢ 125 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Автор:admin

Дек 17, 2025

Түркістан облысында мәдениет саласындағы қызмет жүйелі түрде дамып, ұлттық өнерді ұлықтау бағытындағы шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Соның бір айғағы ретінде Жетісай ауданында халық ақыны, жыршы-термеші, дәстүрлі өнердің алып бәйтерегі Қайыпназар Әйтпеновтың 125 жылдық мерейтойына арналған ауқымды мәдени іс-шара өтті.

Халық ақынының мерейтойына орай Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында «Қара сөздің зергері – Қайыпназар» атты жыршы-термешілердің облыстық өнер фестивалі ұйымдастырылды.

Шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасарлары Серік Пірімбеков пен Нұркен Әлмеш, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, Қайыпназар ақынның шәкірттері мен ағайын-туыстары, жергілікті тұрғындар қатысты.

Айтыскер ақын, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Тұрар Тілеулиев жүргізген фестивальде Елікбай Исаев, Абылай Бөріханов, Әбдіғаппар Айдаров, Жақып Спатаев, Дана Ибрагимова, Құнанбай Байтенов, Алмас Байсейітов, Аязбек Рүстемов, Мұхамедәлі Бекпейісов, Сапаркүл Айдарова және Жарқынбек Қалмұратов сынды елімізге белгілі жыршы-термешілер ақынның шығармаларын орындады.

1900–1977 жылдар аралығында өмір сүрген Қайыпназар Әйтпенов қазақ айтыс өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған өнер тарланы, халық ауыз әдебиетін насихаттаушы, жыршылық дәстүрдің жалғастырушысы. Бүгінде ақын мұрасы ұлттық өнердің қазынасына айналып, кейінгі ұрпаққа рухани азық болып келеді.

Әдеби-сазды танымдық кеш барысында қазақтың арқалы ақындары, «Алтын домбыра» иегерлері Бекарыс Шойбеков пен Мұхтар Ниязов, жас ақындар Ахметрасул Баянбай мен Бибігүл Тілеболдинова сахнада тартысты айтыс ұсынып, көпшілікке ерекше рухани кеш сыйлады.

Сонымен қатар аудандық орталық кітапханалар жүйесінің қызметкерлері Қайыпназар Әйтпеновтың өмір жолын, шығармашылығын, халық ауыз әдебиетінен жинаған мұраларын және зерттеушілер еңбектерін таныстыру мақсатында арнайы көрме ұйымдастырды.

Фестиваль соңында барлық қатысушыларға сый-сияпаттар табысталып, ұйымдастырушылар тарапынан қазақы домбыралар тарту етілді.

 

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin