• 30 апреля, 2024 3:58 дп

Түркістанда Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы аясында жұмыс секцияларының отырысы өтті

Автор:admin

Июл 1, 2023

Дала демокартиясын жаңғыртып, Ұлытаудың ұлы миссиясын жалғаған Ұлттық құрылтай Түркістан қаласында өтті. Биыл ол екінші рет өтіп жатыр. Екі күндік іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, азаматтық қоғам мен саяси партиялардың өкілдері келді. Түркістанға әріптесім Бекболат Сатуов барды. Бекболат, кеш жарық. Құрылтай қарсаңындағы шағын топтағы секцияларда қандай мәселелер көтерілді?

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ертең Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысына қатысады. Ал бүгін құрылтай қарсаңында шағын топтағы секциялар ұйымдастырылды.

Соның бірі «Қоғамдық консолидация» тақырыбында болды. Яғни қоғамды біріктіру мәселелері талқыланды. Отырысқа Президент әкімшілігі басшысының орынбасары әрі Ұлттық құрылтай хатшысы Аида Балаева қатысты. Ол жиында айтылған барлық мәселелер назардан тыс қалмайды деді.

Аида БАЛАЕВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ХАТШЫСЫ:

Елді толғандырған мәселелердің ауқымы да бағыты да алуан. Жалпы құрылтай барысында болсын. Онлайн арналар арқылы болсын, айтылған әрбір пікір ескеріледі. Барлық мәселелер мұқият зерделеніп, Мемлекет басшысының назарына ұсынылады.

Ал Ұлы дала елі орталығында өтіп жатқан екінші секцияда Ұлттық құрылтай мүшелері мәдени-рухани даму мәселелері сөз болды. Бұл өз кезегінде қатысушылардың өңірдегі өзекті мәселелерді көтеруіне толық мүмкіндік береді дейді, — Мәжіліс депутаты.

Нұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Жалпы қоғам даумы үшін қоғамда бірлік болуы керек. Ұлтаралық қатынас жақсы болу керек. Сонымен бірге қоғамның дамуына кері әсер ететін көптеген мәселелерден біз арылуымыз керек. Міне осы бағытта қазір Ұлттық Құрылтай жұмыс істеп жатыр. Көптеген мәселелер көтеріп жатыр. Тек қана ұлтаралық қатынастар немесе береке-бірлікке ғана емес. Мынау қоғамдағы жалпы бар мәселелерді қазір азаматтар көтеріп жатыр.

Ал сентор Бейбігүл Жексенбай қазір Ұлттық құрылтай халықтың арыз-шағымын қабылдайтын бірегей платформаға айналып отыр дейді.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Ұлытауда айтылған негізгі мәселелер бойынша бірнеше заңдарға өзгерәстер енгізіліп жатыр. Бастамашы топтар құрылып жатыр. Және ең бастысы біздің арнайы Құрылтай мобильді қосымшасының пайда болуы, егов сияқты. 400-ден аса ұсыныстың қарапайым халықтың атынан түсуінің өзі қоғамда бір үлкен өзгерістің басталғанын байқатады.

Үшінші секция отырысы «Білім және ғылым» деп аталды. Онда цифрлық және жаңа технологиялық шындық, ұрпақтар сабақтастығын сақтау аясында қалыптасып келе жатқан жас ұрпақтың ерекшеліктері талқыланды. Жоғары білім берудегі реформаларды жетілдіру, оның ішінде жоғары оқу орындарын басқарудың заманауи тетіктерін енгізу және оқытушылардың мәртебесін арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Құрылтай қонақтары Қожа-Ахмет Яссауи кесенесіне барып, керуен сарай туристік кешеніне экскурсия жасады. Айта кетейік, ертең Құрылтайдың негізгі шаралары болады. Оған мемлекет басшысының өзі қатысады.

Түркістанда Ұлттық құрылтайдың алдағы отырысы аясында «Мәдениет.Өнер.Руханият» жұмыс секциясының отырысы өтті. Модератор ретінде Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов сөз сөйледі. Сессия аясында белгілі қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жастар ұйымдарының басшылары: Нұржан Светқали, Жанарбек Әшімжанов, Дәулет Тұрлыханов, Сәуле Досжанова, Айдос Сарым, Исламбек Салжанов, Бауыржан Губайдуллин, Ислам Байрамуков, Мақсат Толықбай, Олжас Сүлеймен және басқалар сөз сөйледі. Жұмыс секциясы барысында Ұлттық құрылтай мүшелері қазіргі авторлардың әдеби шығармаларындағы ұлттық құндылықтарды ілгерілету және отандық әдебиет пен киноны дамыту мәселелерін қозғады. Сонымен қатар, мұражайлар, мәдени орталықтар, кітапханалар, әсіресе ауылдық жерлерде жұмыс істеу, жас таланттарды ілгерілету және креативті индустрияны дамытуды қолдау тақырыптары көтерілді. Сондай-ақ, жас ұрпақты тәрбиелеу және білімге ұмтылу, салауатты өмір салты, еңбекқорлық, патриотизм құндылықтарын қалыптастыру тақырыбына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамда бұқаралық спорт мәдениетін ілгерілетуге қатысты ұсыныстарымен бөлісті.

Талқылау қорытындысы бойынша Ұлттық Құрылтай мүшелерінің мемлекеттік органдармен бірлесіп ұсыныстарын іске асыру жөніндегі арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеуге қатысты шешім қабылданды.

«Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп Мағжан ақын жырға қосқан киелі Түркістан төрінде екі күннен бері дүбірлі жиын өтіп, өзекті мәселелер ортаға салынды.

Алқалы жиын ұлтымызды нығайтудың ұтымды шешімдеріне арналды. Ұлттық құрылтай мүшелері азаматтық қоғамды дамытып, этносаралық бірлікті нығайтуға баса көңіл бөлді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда сөйлеген сөзінде «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысты қолдайтынын айтты.

Президент қазақ әдебиетін қолдайтынын және туындылардың оқырманға қолжетімді болуы керегін атап өтті. Сондай-ақ кітаптың таралуына жазушылардың өздері де мүдделі болуы керегін айтты.

«Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын. Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал, жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті.

Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын тың дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін. Осыған байланысты, мен Мереке Құлкеновтің «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына – заты сай, лайықты, туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын», деді Президент.

Сонымен қатар Президент ұлттық киноның дамуына қатысты пікір білдірді.

«Қазіргі заманда ел боламыз десек, экранды да түзеуіміз керек. Себебі кино қоғамның сана-сезіміне ерекше ықпал етеді. Елімізде кино өндірісі жақсы дамыған деп айту қиын. Жаңа ғана белгілі өнер қайраткері Азамат Сатыбалды кино саласын дамыту туралы тұшымды ой айтты. Мен қолдаймын. Расында, бүгінде кино саласында дау-дамай көбейіп кетті. Бірнеше келеңсіз мысалдар бар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда архивтен Жүсіпбек Аймауытұлының тың шығармасы табылғанын айтты.

«Баршаңызға мәлім, қазір Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты көптеген архив материалдары зерттелуде. Бұрын халқымызға беймәлім болған тың мәліметтер жарыққа шығып жатыр. Жақында сол құжаттардың ішінен «авторы Жүсіпбек Аймауытұлы» деп көрсетілген шығарма табылды. Мұны екі дерек көзі растап отыр», деді Қ.Тоқаев.

Өлеңмен жазылған туындыны сол кезде тәркіленген Алаш зиялылары еңбектерінің бір бөлігі деуге негіз бар. Онда ұлттың жаны ешқашан өлмейтіні жырланған. Шын мәнінде, қазақтың қайсар рухы ешқашан сынбаған. Керісінше, әрбір қиындық жұртымыздың жігерін жанып, халықты шыңдай түскен.

«Алаш рухы Қазақ мемлекетімен бірге мәңгі жасайды. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, әлемдегі өз орнымызды айқындаймыз. Қазақ елінің Адал азаматтары болып, Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз», деді Президент.

Президент атап өткендей, бүгінде тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді.

«Біз дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестіруіміз керек. Елімізде отаншыл, жасампаз, батыл, дарынды, білімді, озық әрі еңбекқор жандар өте көп. «Мен осындай азаматтарды көргенде болашағымыздың жарқын боларына зор сеніммен қараймын. Тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді. Олар ғылым-білім, музыка, кино, спорт және басқа да салаларда табысқа жетіп, бүкіл әлемге танымал бола бастады. Жастарымыз туған жердің қайталанбас ерекшелігін және туған елдің бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүр», деді Президент Ұлттық құрылтай барысында.

Ұлытаудағы алғашқы отырыста алдағы басты мақсат-міндеттер айқындалған болса, Түркістанда нақты идеялар, ұсыныстар ұсынылатын толыққанды жұмыс отырыстары өтті. Екі күндік шарада ұлттың береке-бірлігін нығайтып, даму бағытын белгілеген қадамдар нақты айқындалды. Демек, бабалар ізімен бұл ата дәстүрді қайта жаңғырту тек елдің игілігі мен өркендеуі үшін қызмет етпек.

Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым. Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды  jsk.kz. Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым. Мен былтыр наурыздағы Жолдауымда осы құрылтайды шақыру туралы бастама көтердім. Бұл қадам қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалды. Сондай-ақ, мұнда ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланады. Біз құрылтайдың алғашқы отырысын осыдан дәл бір жыл бұрын Ұлт ұясы – Ұлытауда өткіздік. Көптеген маңызды істер мемлекеттігіміздің негізі қаланған қастерлі өлкеден бастау алды. Осы игі үрдіс биыл да жалғасын табуда. Бүгінгі басқосу бүкіл түркі халықтары үшін киелі шаһарда өтіп жатыр. Халқымыз әдетте Түркістанды қазақтың рухани астанасы дейді. Дегенмен, қаланың мән-маңызы бұдан әлдеқайда жоғары. Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған. Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған. Бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Сондай-ақ, қазақтың тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы жерден мәңгілік мекенін тапқан. Шежірелі шаһардың қабырғасына қазақтың жылнамасы түгел жазылған деуге болады. Шын мәнінде, киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы. Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Көптеген хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ұлан-ғайыр далаға билігін жүргізген. Қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дау-шарға төрелік айтқан. Ел-жұртын береке-бірлікке шақырған. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді. Сондай-ақ, қазақ мемлекеттілігінің тамыры тым тереңде жатқанын білдіреді. Ұлы Дала төрінде Жошы хан әулеті Кенесары ханға дейін 6 ғасырдан астам уақыт ел басқарды. Тіпті, әлем тарихында мұндай мысалдар көп емес. Біз қазір бабаларымыз кеңес құрған әйгілі Күлтөбенің іргесінде отырмыз. Әбіш Кекілбаев «Қазақ рухының қағбасы» деп атаған Ордабасы осы жерге тиіп тұр. Осынау әйгілі төбелерде халқымыздың игі жақсылары сан рет бас қосқан. Ұлт тағдыры сынға түскен сәттерде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындаған. Қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлеріне көш тізгінін ұстатқан. Бір ел, бір халық болып, сыртқы қатерге қарсы тұрған. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді. Сондықтан, осы аймақты басқарып отырған басшыларға зор жауапкершілік жүктеледі. Қанша дәуір өтсе де, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді. Биылғы құрылтайдың сипаты – өзгеше, мазмұны да – ауқымды. Кешеден бері бірнеше тақырып бойынша жан-жақты, қызу талқылау болды. Құрылтайға қатысушылар Үкімет мүшелерімен пікір алмасты, ойларын ортаға салды. Тың бастамалар көтерді. Президент Әкімшілігі соның бәрін мұқият зерделейді. Ортақ бір тұжырымды әзірлейді. Салмақты ұсыныстар алдағы жұмыс кезінде міндетті түрде ескеріледі. Пікірталасқа белсене қатысқан барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін.  Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында «Әділетті Қазақстан — Адал азамат» атты тақырыпта сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің дамуы жолында құнды ойларын ортаға салды. «Тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет. Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Жұрттың бәрі өз үйінің жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Бұл – дұрыс. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс. Қазақстан – бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты. Яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек… . Негізгі мақсат – табысты болып көріну емес, шын мәнінде табысты мемлекет болу. Бұл мызғымас қағида болуға тиіс», — деді Президент. Президентіміз Ұлттық Құрылтай — халқымыздың мақсатын ұйыстыратын бірегей құрылым екендігі, ол арқылы ұлт тағдыры сынға түскенде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындағаны, қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлерге көш тізгінін ұстатқандығы, бір ел және бір халық болып сыртқы қатерге қарсы тұрғандығы, қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара беретіндігі жайлы айтты. Сондай-ақ еліміздің дамуына кедергі келтіретін нәрсенің барлығынан арылып, қоғамымызды нығайта түсу үшін алға қойған мақсатымызды,яғни саяси-экономикалық реформалар мен қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістерді қатар іске асырумыз қажеттігін ерекше атап өтті және бұл — өте маңызды міндет екендігін,сондықтан біз алға үздіксіз қадам басумыз керектігін жеткізді. Президент өз сөзінде еңбекқорлық, іскерлік сияқты, сондай-ақ жалпыадамзаттық және үлттық құндылықтарды өзіміз үлгі көрсету арқылы біздер жастар мен өскелең ұрпаққа дәріптеуіміз керектігіне,ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал ететін шараларды кешенді түрде жүргізумен қатар оқу-ағарту ісін жаңғырту қажеттігіне көңіл бөлді. Мемлекет басшысы азаматтардың өз ісіне деген жауапкершілігін арттыру, отбасылық зорлық-зомбылықтармен кұрес,олардың алдын алу және болдырмау мақсатындағы жұмыстарды нығайту, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі полиция жұмысының белсенділігі мен тиімділігін арттыру аясында есіріткіге қарсы күрес жұмысын күшейту мәселері жайлы кеңінен тоқталып, өзінің ескертпелерін айтты. Президент еліміздегі идеология жұмысындағы басты бағыттардың бірі — кітап басып шығару екендігі, бұл бағытта орын алып отырған кемшіліктер мен олқылықтардың аз емес екендігі, оларды жоя отырып, тез арада ұлттық мүддеге сай бағыттағы кітаптарды көбірек шығару, «Балалар кітапханасы» атты бағдарламаны жүзеге асыру, отандық кино өнерін дамыту мен кинотеатрлардың жұмысын дұрыс жолға қою мәселелеріне назар аударды. Қорыта келгенде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет. Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды – Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin