Өнер саласындағы айтулы шаралардың бірі – Түркістанда Қазақстанның Халық әртісі, Кеңес дәуіріндегі қазақ опера әншісі, режиссер, көрнекті театр және кино актері Құрманбек Жандарбековтің 120 жылдығына арналған «Қазақтың Құрманбегі» І республикалық театрлар фестивалінің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты рәсімде КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, кино және театр актері, режиссер, театр педагогы, профессор, Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті Асанәлі Әшімов және облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты фестивальдің ашылуымен құттықтап, елдің әр аймағынан Түркістанға келіп, мәдени ауқымды шараға қатысып жатқан театр ұжымдарына алғыс білдірді.
Сондай-ақ шараға қатысып жатқан 13 театр ұжымы арнайы қызыл кілеммен жүріп өтіп, оларға ерекше құрмет көрсетілді. ҚР эстрадасының жұлдызы Маржан Арапбаева әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Фестивальдің негізгі мақсаты – театр ұжымдары арасындағы шығармашылық байланыстарды нығайту, халықаралық театр үдерісіне интеграциялау, Құрманбек Жандарбековтің еңбегін мәңгі есте қалдыру, сондай-ақ кәсіби үйлесімділікті арттыру.
Байқауға төрелік ететін қазылар алқасының құрамында еліміздің театр саласының майталмандары, профессорлар, өнертану ғылымдарының кандидаттары мен театр директорлары бар. Ал қазақ өнерінің тай-құлындай тұлғасы Асанәлі Әшімов арнайы қонақ ретінде қойылымдарға қатысып, әр спектакльден кейін қазылар алқасымен бірге талқылау жүргізеді.
Айта кетейік, театр фестивалі 16 қазанға дейін жалғасады.
Jsk ақпараттық агенттігі
