Түркістан маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6 040 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. 1 220 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде бюджеттің 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылған. Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар ашылды. Отандық өндірісті дамыту есебінен 27 млрд. теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткіздік. Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдармен елімізді қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға мүмкіндік болады. Шағын өндірістік алаңдарды дамыту үшін жергілікті кәсіпкерлер белсенді атсалысуда. Біздің әрбір аудан мен қалада, халық тығыз орналасқан ауыл округтерінде өндірістік алаңдар құрылып, кәсіпорындар мен зауыттар ашылады. жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылды. Мұнда 30 млрд. теңгеге 115 жобаны іске асырып, 1 124 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Ордабасы ауданында аумағы 10,5 гектар болатын «Темірлан» өндірістік алаңында 5 ғимарат салыну үстінде. Инвестиция көлемі – 10,4 млрд. теңге. 100 жұмыс орны құрылады. Жобаның мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, барлық аудандарда осы тәжірибені ендіру жұмыстары басталып кетті. Жалпы, облыс бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаңдары құрылған. Негізгі бағыттар ретінде: құрылыс материалдары, жиһаз, пластик және резеңке, химия өнімдері өндірістері мен жеңіл өнеркәсіп айқындалды. Бүгінгі таңда, 192 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы аяқтап, іске қосуды көзделген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті ел экономикасының өзегі деп бағалап, «бизнеске ешкім кедергі келтірмеуі тиіс, мемлекет кәсіпкердің жолын ашуға міндетті» деген ұстанымды бірнеше рет атап өткен болатын. Мемлекет басшысының бұл пікірі бүгінде Түркістан қаласында нақты іске асып, кәсіпкерлер арасындағы нарықтық мәдениеттің жаңаша қалыптасуына әсер етіп отыр. Түркістан соңғы жылдары ішкі нарығы тез дамып жатқан аймаққа айналды. Қалада жаңа нысандар көбейген сайын кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестік те күшейіп келеді. Бәсекелестіктің артуы — қызмет сапасының жақсаруы, баға саясатының тұрақтануы, нарықтың табиғи түрде реттелуі деген сөз. Әсіресе туризм, қоғамдық тамақтану, шағын өндіріс және қызмет көрсету салаларында кәсіпкерлер тұтынушы үшін сапа мен сервисте жарысып үлгеріп жатыр. Бұл өзгерістердің артында — жергілікті әкімдіктің жүйелі қолдауы бар. 2025 жылы Түркістанда 350-ге жуық жоба әкімдік тарапынан сүйемелдеуге ие болып, жалпы құны 31,3 млрд теңгеге жетті. Бұл жобалар 2 000-нан астам жаңа жұмыс орнын ашып, ішкі нарықтағы бәсекелестік күшін арттырды. «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы кәсіпкерлер жеңілдетілген несие, субсидия мен кепілдік алып, өз саласында бәсекеге қабілетті бола бастады. Сонымен қатар кәсіпкерлерге ақпараттық және консультациялық қолдау көрсету-нарықтың сауатты қалыптасуына қосылған үлкен үлес. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының түсіндіру кездесулері, оқыту бағдарламалары, гранттық мүмкіндіктерді таныстыру-кәсіпкерлікті реттейтін мәдениетті нығайтып келеді. Түркістанның қазіргі нарықтық моделін шетел тәжірибесімен салыстырсақ, ең ұқсас бағыт — Түркия туризм аймақтарындағы кәсіпкерлік қолдау моделі. Анталия, Кония немесе Каппадокия өңірлеріндегі инфрақұрылым толық дерлік дайын күйде ұсынылып, кәсіпкерлерге маусымдық субсидиялар беріледі. Өзбекстанның Самарқанд пен Бұхара қалалары да туристік кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер ұсынып, ішкі нарықты реттеуді бизнес пен билік арасындағы серіктестік арқылы шешіп жүр. Түркістан да осы модельдерге жақындап келеді. Индустриялық аймақтардың дамуы, логистиканың жақсаруы, туристік орталықтардың көбеюі кәсіпкерлерге өзара адал бәсекеде дамуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласының ішкі нарығы бүгінде кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік саясаты, әкімдіктің нақты қадамдары және халықаралық тәжірибені тиімді бейімдеу нәтижесінде реттеліп отыр. Қаладағы бәсекелестік-экономикалық өсімнің басты қозғаушы күші, ал жергілікті кәсіпкерлер-қаланың болашағын қалыптастыратын негізгі күшке айналуға қарсы емес секілді.
JSK ENTER MEDIA
