• 3 мая, 2024 5:56 пп

Түркістанда дүркіреп Ұлттық құрылтай өтті.

Автор:admin

Июл 2, 2023

«Ұлттық» деп айдар тағылған бұл жиын былтыр Ұлытаудан бастау алғанды. Құрылтай барысында биыл екінші жыл еліміздің өткен-кеткенін таразылап, қоғамда қалыптасқан мәселелерді ортаға салып, алда атқарылар шаруаларды жүйелеп, жинақталып қалған күрделі мәселелерді шешу жолдарын талықылап, шешімін айтып, атқарушыларға тапсырма беріледі. Кәдімгі, көшпенділердің көне заманғы бас қосуларының бүгінгі үлгісі сияқты. Мысалы, тарихтан 1251 жылы Мөңке өлгесін шақырылған Ұлы Құрылтай Бату ханның Еуропаға жорығын тоқтатуға мәжбүр еткенін білеміз. Бүгінгінің құрылтайы Еуропаның жанын алып қалатындай шешуші мәнге ие болмаса да, елдің ішкі шаруаларын біраз талқыға салуға әлеуеті жететініне  Түркістандағы Құрылтайға БАҚ өкілі ретінде қатысқан өзімізде куә болдық.

Ұлық Ұлыс (Алтын Орда) дәуіріндегі Ұлы Құрылтайды жәйден-жәй еске алып отырған жоқпыз. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мырза сол Алтын Орданы жиі-жиі еске салып жүр. Алтын Орданың идеологиясын құптайтын секілді. Президентіміз билік басына келе салысымен көшпелілер империясының 750 жылдық мерейтойын атап өту туралы бастама көтерді. Жошы хан жатқан Қарағанды облысының құрамындағы Ұлытаудың еншісін беріп, өз алдына облыс атандырды. В.Путиннің көзінше «Тұран жолбарысы» туралы сөз қозғады. Сөзімізге дәлел ретінде осындай бірнеше қадау-қадау қадамдарды айтуға болады. Ол аз десеңіз, келесі жылы Ұлттық құрылтай өтетін жерді Сарайшық деп белгілегенін неге жорисыз? Сарайшық дегеніміз тағы да Алтын Орда ғой. Осылайша Ұлы Дала елін, Ұлық Ұлыс ордасының мұрагері ретінде иедеяны нығыздай түскісі келетіндей ме, қалай?!

Ұлытау, Түркістан, енді Сарайшық. Қазақтың рухын тірілту үшін тағы қандай нүктені баса түсу керек?…

Президент биылғы Ұлттық құрылтайда «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» деген тақырып аясында сөйлеген сөзінде тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі елдерінің бірлігінде Түркістан қаласының алар орнына ерекше тоқталды. Ол өз ойын «Шежірелі шаһардың қабырғасына қазақтың жылнамасы түгел жазылған деуге болады. Шын мәнінде, киелі Түркістан – Ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы. Түркістан ғасырлар бойы  қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Көптеген хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ұлан-ғайыр далаға билігін жүргізген. Қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дау-шарға төрелік айтқан. Ел-жұртын береке-бірлікке шақырған. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді» деп түйіндейді. Осыдан-ақ, мемлекет басшысының қазақ ұлтының рухын тірілту үшін ел тарихының маңызды деген нүктелерін басып көріп жатқанын аңдауға болатындай. Қ.Тоқаев бұл жолғы жиында сөйлеген сөзінде маңызды бірнеше мәселенің басын шығарды. Мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлттың сана-сезімін жаңғырту, мәдени мұраны жан-жақты дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі, ақпарат саясаты, идеология, мемлекеттік саясат сараптамасының сапалылығы, шекаралық аймақтарды дамыту, мемлекеттік аппараттың кәсібилігі сынды сегіз тақырыпты таратып айтты. Ал, Ұлттық құрылтай мүшелері қорытынды жиынға дейін, үш секцияға бөлініп, түрлі тақырыптарда сөз жарыстырған-ды. Мемлекет басшысының сөзі осы жарыссөздердің қорытындысы, кесімі іспетті болды. Талқылауларда қандай мәселелер көтерілді?  Алдымен осыны сараптап алайық.

Айдос САРЫМ, саясаттанушы, ҚР Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:

«БӘРІ ҚАЗАҚИ МӘДЕНИЕТКЕ НЕГІЗДЕЛМЕЙ ТІРЛІК ТҮЗЕЛМЕЙДІ»

Менің айтайын дегенім, Ұлттық құрылтай деп жиын ашып отырған соң, ортақ ойымыз, ортақ мәмілеміз болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан да, Ұлттық құрылтайдың негізгі құжаты – ведомствалық емес, дәл осы интеллектуалдық дәрежеде қабылданатын жаңа бір идеологиялық дәріптеу сияқты. Ол – көпірме сөз емес, тетігі, механизмі бар, қоғамда кәсіби инфрақұрылымы жасақталған, қаржыландыру көзі белгілі құжат болса деген ой бар.  Осы орайда айтатын бірқатар ойларымды ортаға салсам деймін. Шындық айтамыз дедік қой, біздегі ең дөрекі, ең сұмдық мәселе – мектеп мәселесі. Ауыл мен қаланың мектептерінің  білім беру сапансының арасы 6 жыл, ал қаланың ішіндегі интелектуалдық мектеп пен қарапайым мектептің арасы тағы 5-6 жыл. Намысымызға келмесін, қазір қазақ балалары есеп шығара алмайды, оқыған кітабын түсіндіріп айтып бере алмайды. Бізге сондай жастар көптеп келіп жатыр. Былай қарасаң, өзінше шешен, адамдар алдында сөйлей алады, бірақ, нақтылықты ұнатпайды. Үш сөздің басын қосса да, үш есептің біреуін де шығара алмайды. Бұл неден туды? Бұл ғылыми ойдың жоқтығы. Бізде интеллектуалдық дискуссия жасау аз. Осыдан бізде дебат шығады, айтыс шығады.  Шынын айту керек, Ұлттық құрылтай, менің ойымша, үш мәселе тұрғысынан ойлану керек сияқты. Бірінші мәселе, бұл – жүріп жатқан мемлекеттік девальвацияны тоқтату. Біз мемлекеттің қадірін кетіріп жатырмыз. Адам деген кім, азамат деген кім, оның мемлекетпен қарым-қатынасы қандай болу керек? Қазір мемлекет басымызға жұмақ орнататын ұғым деп санамызға сіңіріп алғанбыз. Сондықтан да «Мемлекет қайда?!», «Үкімет қайда?!» деп жатамыз. Мәселеге шынайы қарайтын болсақ, мемлекеттің бір ғана функциясы болған баяғыда. Ол – жұмақ жасау емес, тозаққа жеткізбеу. Ал бізде қалай? Тозақ күтіп отыр. Осы тұрғыдан келгенде біз қазір мемлекетті қайта құру, қайта жаңғырту деген дүниеге назар аударуымыз керек.  Мұхтар ағамыздың сөзін кішкене өзгертіп айтқым келеді, «Мемлекет боламыз дейтін болсаң алдымен менталитетіңді өзгерт». Бізде менталитет мәселесі көп. Қазір шынымен де біртұтас ұлтқа айналу мәселесі бар. Оның шарттары көп. Сондықтан, елімізде жаңа идеологияның доктринасы қаралу қажет.  Бізде мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы сенімді орнататын жалпы ұлттық контракті болса деймін. Соған энергиямызды, қаржымызды, басқа да интеллектуалды дүниелерімізді салуға дайын отыруымыз керек. Ондай байлықтардың біріншісі – шындық. Шындық дегеніміз не? Ол — біріншіден, қазаққа ұнайтын емес, ұнамайтын нәрсені айту. Шынайы қиындықтардан, нақты болатын қиындықтардан болатын күйзелістерге, басқа да психологиялық қайшылықтарға дайындалу, барды тұмшамаламау, бүркелемеу, лақап таратпау. Егер ослыай ете алсақ, бізде біраз шындық туады. Алда қандай қиындық күтіп тұр, соған шынайы дайындық керек. Мамандарымызды соған дайындауымыз керек, соған ғалымдар даярлау керек, сол бойынша күні-түні басымызды қатыруымыз керек. Сонда ғана мәселеге тіке қарай алатын, шеше алатын әкім мен министр, азамат қалыптасады. Тағы бір мәселе бар. Ол – экология. Шынымен, бізде ең қиын экологиялық мәселелер туып келе жатыр. Шөлейттену бар, басқа бар. Бізде орталық инситут та жоқ, су министрлігі жоқ, су институты жоқ, судың маманын дайындап жатқан ғылыми орталық жоқ.  Тағы бір тілге ете кететін мәселе – әскери қақтығыс, соғыс тақырыбына байланысты. Бүгінгі таңда Мәжілістің қарауында 6-7 заң қарауда жатыр. Заң қаралар, қолданысқа да енер. Бізге соған қажетті идеология, жаңағы азаматтарды армияға дайындауымыз қажет. Казармаларды материалдық базамен қамтамасыз ету, жарақтандыру керек. Қазіргі біздің экономистердің күні-түні тынымсыз бас қатыратын мәселесі: жаңа маршруттарды қалай ашамыз, Иранмен қалай тіл табысамыз емес мынаның құқықтық кедергілерін қалай айналып өтеміз болып отыр. Керек жұмыстармен айналысып жүрген ғалым-мамандарымыз некен-саяқ. Бұдан тыс, ішкі этносаралық қақтығыстар мәселесі бар. Егер сондай жағдай туа қалса, оны сыртқы күштер бірден пайдаланып кетуі мүмкін. Менің бұл тоқталып отырғаным ең өзекті деген мәселелер.  Жаңа мәдениет, жаңа ғылым деп отырмыз, мұның басымдықтары, менің түсінігімде, бұл – «Жаңа Қазақстан» азаматы, «Жаңа Қазақстан» мемлекеті, қазақтың экологиялық этномәдени қасиеттері. Былай қарасаңыз, қазақ деген халық табиғатында табиғатқа тырнағын батырмаған ел: бүкіл ырым-жоралғымыз, салтымызды қараңыз. Итті теппеу, суға дәрет сындырмау, құдыққа түкірмеу, қазір соның бәрі қайда кетті? Тіршілігіміздің бәрі қазақи мәдениетке негізделмей тірлік түзелмейді.

Олжас СҮЛЕЙМЕН, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:

«ЖАСТАР ӘДІЛЕТСІЗДІККЕ ТАП БОЛҒАН КЕЗДЕ ШЕТЕЛГЕ КЕТКІСІ КЕЛЕДІ»

Қазіргі кезде қоғамда жастар туралы сөз қозғала қалса, өкінішке қарай, жастарға көңілі толмау, оларды сынауға басымдық беріледі. Өкінішке орай, жағымсыз жағынан пікір қалыптасып қалды. Қазіргі таңда бізге жастар мен аға буын ортасында диалог жетіспейді. Кілтипанның кілті осы жерде. Мәселен, мен өзім 11 жыл орыс мектебінде дәріс алдым. Сондықтан болар, «Руки вверхті» тыңдап, Бритни Спирсті туған әпкемдей көріп, Фифти Сентті туған ағамдай қарап, «Бригаданы» жаттап алып, Саша Белыйға еліктеп өстік. Әр «районда» бір-бір Саша белый болатын. Былайша айтқанда, дүбәра қазақ болып қала жаздаппыз.  «Жастар шетелге кетіп қалғысы келеді» дегенді жиі естиміз. Ол рас. Ол ой маған да келеді. Кейде Монакоға кетіп қалғым келеді. «У соседа трава зеленее, муж богаче» дегендей, ондай ой мені де мазалайтын кездер бар. Бұл ой ғана. Ата-анам дұрыс тәрбиеледі, ауылда өстім. Осы күнге дейін жеткен жетістіктерімді «Болашақпен» Гарвардта оқып, Қытайда білім жетілдіргеніммен байланыстыратынмын. Сөйтсем, қателесіппін. Барлық жетістікке жетуімнің кілті ауылда берген тәрбиенің арқасы екен.  Неліктен жастар шетелге кеткісі келеді? Менің ойымша, оның жауабы олар әділетсіздікке тап болған кезде шетелге кеткісі келеді. Жастар есеп шығара алмайды, нашақорлыққа бейім деп жатады. Неге? Оның да жауабы сол – жемқорлыққа жол беріп қойғанымыздан. Шекесі бір жерге барып соғылған кісінің өмірден баз кешіп кетуі оңай.  Мен ең жас проректорлардың бірі болдым. Атырау мұнай-газ университетінде проректор болып қызмет істеген кезімде бір күні аға буын өкілдерінен бір кісі келіп, «Олжас, добро пожаловать в наш университет, но имеете виду, у нас студенты – конченные» деп таныстырды. Сол кезде мен «жастарға көзқарасымыз қандай, қандай?» деп қатты таң қалдым. Әділетсіздікке тап болған жастарға ешқандай мотивация бере алмайсыз. Қандай да бір мемлекеттік бағдарламаға сендіру, ұйыту, іске бастау дегенің әдірем қалады.  Қазіргі жастар екі нәрсені іздейді. Біріншісі: «кімнен үлгі аламын?», «жетістіктің жолы бар ма?». Екіншісі: мотивация. Мен де жетістіктің жолын Қытайға барып жүріп білімнен іздедім. Сол жақта жүріп өзіміздің жазбаша әдебиетпен таныстым. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөзді әншейін тереңін түсінбей айта береміз ғой. Ол айтуға ғана оңай. Бірақ, шетелде айына 20 мың доллар жалақы алып жүргенде еліме қызмет етемін деп елге қайтып келгенде, Батыраштар балтасын жалаңдатып қарсы алып жатқанда қандай күй кешіп, күйзелетініңді басынан өткізген адам ғана біледі. Бұл оңай емес. Сондай ойда жүргенде әкем бір-ақ ауыз сөз айтты, «Балам, шетелде қалып қоятын болсаң, атып тастай саламын!» деді. Осы сөздің өзі маған көп күш берді. Содан қайтып келдім ғой.  Қазір жастар қаншама жетістіктерге жетіп жүр, youtube-те миллиондаған көрілім жинап жүрген жастарымыз бар. Жаңа біздің жастарға мотивация жетіспейді дедік. Мен мотивацияны шетелден, Гарвардтан, Қытайдан іздедім. Сол мотивацияны Сарбонна университетінде жолықтырдым. Сарбонна университетінің кіреберісіндегі маңдайшаға «Саған табиғат бермеген нәрсені Сарбонна бере алмайды» деп жазып қойыпты. Бұл сөзді қазақтан асыра қатырып ешкім айта алмағанын түсіндім. «Ешекті баптап тұлпар қыла алмайсың» деген сөз бар ғой бізде. Сол кезде менің санама сәуле түсіп «өзіміздің құндылыққа жабысу керек екен ғой» ой келді. Іздегенімді Абай атамыздың бір сөзінен:

«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзінен таптым. Осыдан артық қандай мотивация керек?

Жастарымыз дұрыс адамнан үлгі алсын десек, ең бірінші өзіміз үлгі болуға тырысқанымыз жөн. Сол жастармен диалог құруға және оларды тыңдауға үйретуіміз керек деп ойлаймын. Екінші мәселе, менің өзім массовкада жүретін кездерім болған. Мысалы, бір министрмен кездесу болатын кезде жастарға ту ұстатып, шетке қойып қояды, минстр жанынан өтіп кетеді. Содан жастар «Министрмен кездестік» деп үйіне барып әңгіме қып айтып жүреді. Бұл жастармен жұмыстың бір қыры. Меніңше, жастар ісі  саясатына басқаша көзқарас керек. Жастар тек массовка үшін пайдаланатын құрал ғана болмауы керек. Оларды тұлғалармен таныстыру керек. Тұлғаларды дәріптеу арқылы жастарды солардың айналасына топтастырсақ, еңбек пен білімді насихаттай алар едік.

P.S.: Түркістанда талай ойдың көбесі сөгілді. Сөз алған спикерлер баяғының шешендері құсап аузымен құс тістеп, көсіле сөйледі. Көбінің сөзі «қайтсек ел боламыздың» төңерегінде. Талай ханның ордасы болған Түркістан шаһары осылайша ой қозғаған ордаға айналды. Идеялар ағылып, қымыздай сапырылды, бір-бірімен таласа қамырдай иленіп, ыстық қазанда қайнады, пісті. Шешендердің ой-толғамдары қорытындыланып, екшеліп, мемлекет басшысының сөзімен қалыпқа түсті. Бірлігі мығым ел боламыз деген ұмтылысты көріп, көңіл шалқыды. Осындай рухани ләззат шыңына шығып, тамсанып шыққан сәтіңді жергілікті атқарушы органдар түсінсе ғой шіркін. Шешендер айтқандай жұмыс істесе ғой дейсің. Дейсің де тағы ойға кетесің…

С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Түркістан қаласы

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin