Киелі Түркістан қаласында, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ұлттық спорттың маңызды бағыттарының бірі – асық ату бойынша Азия чемпионатының ашылу салтанаты өтті.
Бұл жарыс ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры мен «Спорт Қоры» демеушілігімен ұйымдастырылуда. Чемпионатты өткізуге университет ұжымы үлкен үлес қосып отыр.
Чемпионаттың мақсаты – дәстүрлі ұлттық спорт түрлерін дамыту, жастар арасында асық ату ойынын кеңінен насихаттау және оның халықаралық беделін арттыру.
Асық ату – қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан көне дәстүрі. Уақыт өте келе бұл ойын тек балалардың ермегі емес, ересектер қатысатын, шеберлік пен дәлдікті талап ететін нағыз спорттық сайысқа айналды. Азия чемпионатының өткізілуі ұлттық мұрамыздың кең көлемде танылып, халықаралық деңгейде мойындалып жатқанын көрсетеді.
Биылғы чемпионатқа Азия елдерінен келген мықты спортшылар қатысып, өзара бақ сынауда. Олар бірнеше санат бойынша жарысып, дәлдік, ептілік, тактикалық ойлау қабілеті және шапшаңдық тұрғысынан бағаланып жатыр. Жарыс алаңында аса тартысты сәттер орын алып, көрермендер қолдау көрсетіп, ұлттық рухты сезінуде.
Түркістанда өтіп жатқан бұл дүбірлі дода – ұлттық спорттың дамуына серпін беріп қана қоймай, жастардың қызығушылығын арттыруға үлкен ықпал етеді. Мұндай ауқымды чемпионаттар арқылы асық ату секілді төл өнеріміз әлем аренасына жол тартып, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін танытудың жаңа мүмкіндігі ашылуда.
Jsk ақпараттық агенттігі
