Ордабасы аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияздың төрағалығымен «Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидалары және тарихи-мәдени мұраларды қорғау заңдылықтарын түсіндіру» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – мәдени мұра нысандарын сақтау мен қорғау, монументтік өнер туындыларын орнатудағы заң талаптарын түсіндіру, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар арасында тәжірибе алмасу болды.
Семинар жұмысына Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталығының» бөлім меңгерушілері Раушан Тұрсынова мен Гүлнұр Байсариева, облыстық тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің меңгерушісі Нүргүл Жақсылыкова, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері, мәдениет және білім саласының қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында қатысушыларға Ордабасы ауданында орналасқан 81 тарихи-мәдени мұра нысаны туралы мәлімет ұсынылды. Оның ішінде 62 археологиялық ескерткіш, 12 сәулет және қала құрылысы ескерткіші, сондай-ақ 7 киелі нысан бар екені айтылды.
Атап айтқанда, республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына Ишан базар мешіті (Ақ мешіт) және Ордабасы қорымы, ал жергілікті маңызы бар нысандар қатарына Қ.Мұңайтпасұлы мазары мен Шіркеулік мектеп енгізілген.
Сондай-ақ, семинарда монументтік өнер туындыларын (ескерткіштер, бюсттер және белгітастар) орнату кезінде сақталуы тиіс құқықтық және мәдени талаптар егжей-тегжейлі түсіндірілді. Қатысушылар ескерткіштердің көркемдік шешімі мен орнатылатын орындарының тарихи сәйкестігіне назар аударудың маңыздылығын атап өтті.
Ономастика саласы бойынша аудан аумағындағы көше атауларына тарихи тұлғалар мен жер-су атауларын беру тәжірибесі сөз болды. Биылғы жылы ауданда 16 көшеге жаңа атау беріліп, оның ішінде 10-ы – тарихи жер-су атаулары, ал 6-уы – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімімен аталғаны айтылды.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары көне мұраларды сақтау, мәдени нысандардың жай-күйін зерделеу және заңнама талаптарын қатаң сақтау бағытында бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.
Семинар барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, аудан аумағындағы мәдени нысандарды сақтау бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе, тарихи орындардың маңызын жас ұрпаққа кеңінен танытып, оларды оқыту бағдарламаларына енгізу қажеттігі атап өтілді. Бұл – өскелең ұрпақтың туған жер тарихын танып-білуіне жол ашатын маңызды бастама.
Сонымен қатар, жиында ауылдық округтерде орналасқан мұра нысандарының қазіргі жағдайы талқыланып, алдағы уақытта оларды цифрландыру, анықтамалық деректер базасын жаңарту және туристік маршруттарға енгізу мәселелері қаралды. Бұл мәдени мұраны сақтау ісін жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, өңірде тарихи-мәдени нысандарды қорғау жұмыстары тұрақты түрде жалғасады. Осындай семинарлар арқылы мамандардың біліктілігі арттырылып, мәдени құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау бағытындағы ортақ міндеттер айқындалады. Бұл – Ордабасы өңірінің бай тарихи мұрасын келешек ұрпаққа аман жеткізудің маңызды қадамы.
Jsk ақпараттық агенттігі.
