• 14 декабря, 2025 12:09 пп

СОЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ МЕРЕЙЛІ СӘТІ

Автор:admin

Ноя 25, 2025

Созақ мәдениет қызметкерлері облыстық байқауда топ жарды. Түркістан облысының мәдени өмірінде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқау бар. Ол ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар арасындағы «Ауыл – мәдениеттің бастауы»атты  облыстық шара. Шараның негізгі мақсаты – ауылдық мәдениет қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін бағалау, олардың шығармашылық әлеуетін көрсету және ауыл мәдениетін дамытудың жаңа әдіс-тәсілдерін насихаттау.

Облыс бойынша 115 мәдениет үйі мен ауылдық клуб қатысқан байқау өте қызу өтті. Қатысушылар өнер көрсету, ұйымдастырушылық қабілет, мәдени бағдарламаларды сапалы ұсыну, шығармашылық және халықпен жұмыс тәжірибесі сияқты критерийлер бойынша сынға түсті. Әр мекеме өз ауданындағы мәдени өмірді, ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, жаңа жобаларымен ерекшеленді.

Нәтижесінде Созақ ауданының мәдениет саласы қызметкерлері жоғары нәтижеге қол жеткізді. Созақ ауылдық мәдениет үйі ІІ орынға ие болып, ауданның мәдени мәртебесін асқақтатты. Ал Бабата ауылдық клубы ІІІ орынға ие болып, үздіктер қатарынан көрінді. Бұл – аудан мәдениетінің жүйелі дамуы мен қызметкерлердің кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі.

Байқауда жеке номинациялар бойынша да Созақ өкілдері үздік атанды. Құмкент ауылдық мәдениет үйінің қызметкері «Үздік мәдениет қызметкері» арнайы жүлдесін жеңіп алды. Сонымен қатар, Ақсүмбе ауылдық клубының әдіскері Эльмира Өзбекова «Үздік клуб қызметкері» номинациясын иеленді. Бұл марапаттар – мәдениет саласындағы мамандардың кәсіби деңгейін, еңбекқорлығын және өз ісіне адалдығын мойындаудың белгісі.

Жеңімпаздарға облыстық мәдениет басқармасы тарапынан арнайы сыйлықтар мен грамоталар табысталды. Сонымен қатар, байқауға қатысқан барлық мәдениет үйлері мен клуб қызметкерлерінің еңбегі ерекше бағаланды. Шара барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, ауылдық мәдениетті дамытуға арналған жаңа идеяларымен бөлісті.

Созақ ауданының мәдениет саласы қызметкерлерінің бұл жетістігі тек облыстық деңгейде ғана емес, аудан тұрғындарының мәдени өмірін байытуға да үлкен серпін берді. Аудандағы мәдени       мекемелердің жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп, тұрғындардың шығармашылыққа қызығушылығы артты. Бұл тәжірибе басқа аудандарға да үлгі болары сөзсіз.

Мәдениет – кез келген қоғамның рухани дамуының негізгі тірегі. Созақ ауданының мәдениет қызметкерлерінің еңбегі ауыл тұрғындарының мәдени қажеттілігін қамтамасыз етіп, ауданның мәдени өмірін жандандыруға айтарлықтай үлес қосуда.

 

 

Jsk ақпараттық агенттігі.

Автор: admin