Қазақстанда соңғы жылдары креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Бұл үрдіс мегаполистерде ғана емес, шалғайдағы аудандарда да көрініс табуда. Түркістан облысының Созақ ауданында да осындай жаңашылдық көрінісін тапты. Ауыл тұрғыны, информатика пәнінің мұғалімі Нұрболат Әбдеш қарапайым тұрмыстық затты жаңаша жасап, қоғамға пайда әкелудің нақты мысалын көрсетті.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы әрбір оң өзгеріс ең әуелі адам бойындағы адалдықтан басталатынын жиі айтады. Ұлттық құрылтайдағы сөзінде Мемлекет басшысы: «Әділетті Қазақстанды құру үшін әр азамат өзінің ісіне адал болуы шарт. Адал адамның жұмысы – әділ қоғамның негізі»-деген еді. Бұл қағида Созақтағы қарапайым ұстаздың өмірінен айқын көрініс тапты.
Бір күні Нұрболат дүкенде майлық сатып алып жатып, оның қолына жабысып қалатынын байқады. Көп адам үшін бұл кішкентай мәселе, бірақ ұстаз үшін ол зерттеу объектісіне айналды. «Егер оны жақсартуға болады болса, неге жасап көрмеске?» – деген ой оны әрекетке итермеледі.
Бастапқыда идея тек қызығушылық деңгейінде болды. Бірақ уақыт өте келе ол тәжірибеге айналды. Нұрболат әртүрлі талшықтардан жасалған қағаздардың құрылымын, қалыңдығын, қабаттасу тәсілін зерттеді. Үйдегі қарапайым құралдардан «мини-зертхана» жасап, бірнеше апта бойы сынақ жүргізді.
Алғашқы нәтижелер әрдайым ойдағыдай болмады: кейбір үлгілер тез жыртылды, кейбірі қатты болып шықты, ал кейбірі қолға жабысып қалды. Бірақ ұстаз тоқтамады, күн сайынғы тәжірибелердің нәтижесі оның білімін тереңдетіп, майлық сапасын жақсартуға жол ашты.
Көп апта бойы жүргізілген сынақтардан кейін Нұрболат майлықтың жабыспауына әсер ететін үш негізгі факторды анықтады: қабаттардың дұрыс орналасуы, талшықтардың тығыздығы және ылғалды сіңіру балансы. Осы үйлесім арқылы қолға жабыспайтын, жұмсақ, екі қабатты майлық жасауға мүмкіндік туды.
Сапасы жетілген соң, ұстаз үйдегі шағын жабдықтармен өндіріс бастады. Алғашында тек таныс және көршілерге таратылды. Бірақ өнім сапасы мен ыңғайлылығы көпшіліктің назарын аударып, тапсырыстар көбейді. Содан кейін Нұрболат шағын цех ашуға бел буды.
Қазір оның өндірісінде күніне жүздеген орам майлық дайындалады. Созақ ауданы ғана емес, көрші ауылдарда да бұл өнімге сұраныс артты. Тұтынушылар майлықтың беріктігін, тез жыртылмайтынын, қолға жабыспайтынын жоғары бағалайды. Сонымен қатар, өнімнің ылғалды жақсы сіңіруі және қолжетімді бағасы да маңызды артықшылыққа айналған.
Аудан тұрғындарының арасында бұл өнім «Нұрболаттың майлығы» деген атауға ие болды. Дүкенге кірген кезде халық арнайы осы майлықты сұрайды. Мұндай атақ пен сұраныс кәсіпкерлік тұрғыда ең сенімді көрсеткіш болып саналады.
Нұрболат Әбдештің басты қағидасы сапаға адалдық пен тұтынушыға деген құрмет. Оның бұл бастамасы тек кәсіпкерлікке ғана емес, өзінің ұстаздық миссиясына да жаңа серпін берді. Информатика сабағында ол оқушыларға тек бағдарламалау немесе компьютерлік білімді үйретіп қана қоймай, кез келген мәселені шешу жолдарын көрсетеді. Ал өзінің майлық өндірісі осының көрнекі мысалы. Сабақтан тыс уақытта оқушылар шағын ғылыми жобалар байқауына қатыса бастады. Әсіресе экология, тұрмыстық технологиялар, қарапайым затты жаңаша дайындау бағыттарына қызығушылық артты.
Созақ – кәсіпкерлігі енді дамып келе жатқан ауыл. Мұнда тұрмыстық өнімді жергілікті жерде өндіру бұрын сирек кездесетін. Ал Нұрболаттың шағын цехы нарыққа жаңа көзқарас әкелді. Бұрын дүкендерде сапасы әртүрлі сырттан әкелінген майлықтар сатылса, қазір тұрғындар отандық, тіпті өз ауылынан шыққан өнімді сұрайды. Бұл – жергілікті өнімге сенімнің артуының нақты белгісі.
Сонымен қатар, бұл жастар үшін де мысал: «Өз қолыңмен де бизнес бастауға болады» деген сенім қалыптасты. Олар енді үлкен зауыт немесе капиталсыз да нақты нәтиже көрсететін жобаларды қолға ала алады.
Нұрболат Әбдештің өмірі – үлкен зауытсыз, үлкен капиталсыз да қоғамға пайдалы іс жасауға болатынын көрсететін оқиға. Оның еңбегі дәлелдегендей, адалдық пен жауапкершілік бар жерде жаңашылдық та, табыс та болады.
Созақтағы бұл шағын өндіріс ауылдағы креативті индустрияның бір мысалы ғана. Адал еңбек пен шығармашылық әр адамның қолынан келеді, ал оны жүйелі түрде қолдану қоғамға үлкен пайда әкеледі. Мұндай тәжірибелер тек өнім өндірумен шектелмейді. Олар жастарға идеяны іске асырудың, өз күшіне сенудің үлгісі болып табылады. Әділетті Қазақстанның болашағы осындай адал азаматтардың қолында, ал Созақ ауданы бұл өзгерістердің нақты көрінісіндей.
Jsk ақпараттық агенттігі.
