• 20.08.2026 18:01

САЯСИ КҮШТЕРДІҢ КӨШБАСШЫЛАРЫ «БАСТЫ ДЕБАТ – 2026» АЛАҢЫНДА КЕЗДЕСТІ

Автор:jsk.kz

Авг 20, 2026

 

Құрылтай сайлауына санаулы күн қалғанда, 19 тамызда партиялар сайлауалды науқанның соңғы күндерінің бірін өткізді. Кандидаттар мен партия өкілдері өңірлерде тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және кәсіби қауымдастықтармен кездессе, кешке жеті партияның көшбасшысы «Басты дебат – 2026» теледебатында бас қосты.

«Әділет» партиясы Астанада тұрғын үй қорын басқару мәселелері бойынша республикалық диалог алаңын өткізіп, инженерлік желілерді жаңғырту мен тұрғын үй қорын цифрландыруды талқылады. Сонымен қатар партия өкілдері Павлодар облысындағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесті.

ЖСДП еңбек құқықтары, агроөнеркәсіптік кешен, экология, зейнетақы және білімнің қолжетімділігі мәселелерін көтерді. «Байтақ» партиясы экология, денсаулық сақтау және радиациялық мониторинг мәселелеріне назар аударды. Қазақстан Халық партиясы әлеуметтік қорғау, дәрі-дәрмекпен қамту, қоғамға бейімделу және мектептердегі психологиялық қолдау мәселелерін талқылады.

«Ауыл» партиясы ауыл шаруашылығы, ғылым, білім және ауылдағы өндірісті дамыту мәселелерін көтерді. «Ақ жол» партиясы бірқатар өңірлерде сайлаушылармен кездесулер өткізсе, «Respublica» Ақмола облысында жақтастар форумын және жастармен кездесулер ұйымдастырды.

19 тамызда 24KZ телеарнасында «Экономикалық өсімнен азаматтардың әл-ауқатына дейін» тақырыбында «Басты дебат – 2026» өтті. Дебатқа жеті партияның төрағасы қатысты. Төрт раундтан тұратын эфирде партиялар өз бағдарламаларын таныстырып, қарсыластары мен көрермендердің сұрақтарына жауап берді және тікелей пікірталас өткізді. Көрермендер QR-код пен байланыс орталығы арқылы шамамен 59 мың сұрақ жолдады.

Дебаттың негізгі тақырыптары экономика, халық табысы, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік саясат, экология, бюджет шығыстары, жұмыспен қамту және өңірлерді дамыту болды. Партия жетекшілері өз бағдарламаларындағы басым бағыттарды ұсынып, елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу жолдарын баяндады.

19 тамыздағы саяси күн партиялардың басымдықтары әртүрлі болғанымен, олардың ортақ назарында халықтың әл-ауқатын арттыру, экономикалық өсім, әлеуметтік қолдау және өңірлердің дамуы тұрғанын көрсетті. Үгіт-насихат кезеңі аяқталғаннан кейін тыныштық күні өтеді. Дауыс беру 23 тамызда өтеді.

Автор: jsk.kz