Отан, отбасы және патриоттық тәрбие – адам бойындағы ең асыл құндылықтардың негізі. Әрбір ұлттың рухани іргетасы алдымен отбасынан қаланады, бала ана тілін, ұлттық салт-дәстүрді, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті үйінде көріп өседі. Сол себепті отбасы – мемлекеттің тірегі, қоғам тұрақтылығы мен болашақ ұрпақтың санасын қалыптастыратын басты орта. Жастардың жүрегінде елге деген сүйіспеншілікті ояту, Отан алдындағы парызын сезіндіру – баршамызға ортақ міндет. Осы мақсатта жүзеге асатын шаралар жас буынды ұлтжандылық пен азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Аталған міндеттерді назарға ала отырып, бүгін «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспары аясында Ақсукент ауылындағы А.Исмаилов атындағы кәсіптік колледждің мәжіліс залында ақпараттық-насихат тобының мүшелері қатысқан «Отан – отбасынан басталады» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.
Шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың санасына Отанға деген шексіз сүйіспеншілік, еліне адалдық, азаматтық жауапкершілік сияқты құндылықтарды терең сіңіру және олардың қоғамдағы белсенді ұстанымын қалыптастыру.
Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Айтбаев Базарбай Мамадиярұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманкелді Қабылбеков, аудандық Медиация кеңесінің төрағасы, кәсіби медиатор Сайера Мирзалиевна Даванова, Ақсукент ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Сейдуалы Абдуллаұлы Ештаев, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлпан Оралбекқызы Абзелова және этнос жастары қатысты. Бұл қатысушылардың әрқайсысы жастар тәрбиесі мен қоғамдық тұрақтылыққа жауапты түрлі бағыттың өкілдері ретінде пікір алмасып, ортақ ой төңірегінде маңызды ұсыныстар айтты.
Аманкелді Қабылбеков өз сөзінде ақсақалдар институтының тәрбиедегі рөлін ерекше атап өтті. Ол ұлттық құндылықтарды насихаттау, жас буынға бағыт-бағдар беру, адамгершілік қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіру – ата-бабадан қалған киелі аманат екенін айтып, отбасы тәрбиесінің ел болашағына әсерін кеңінен түсіндірді. Оның пікірінше, ұлттық тәрбие мектебі – ұлтты ұлт ететін рухани тірек.
Ал Сейдуалы Ештаев жастардың қоғамдағы белсенділігіне тоқталып, олардың әр бастамасын қолдау қажеттігін атап өтті. Әскери-патриоттық тәрбиенің жас буын дүниетанымын қалыптастырудағы маңызы зор екенін айта отырып, мұндай бағыттың елге адал, жауапкершілігі жоғары азаматтарды тәрбиелеуге ықпал ететінін жеткізді. Оның сөзінен жастармен жүйелі жұмыс жүргізудің мемлекет тұрақтылығы үшін маңыздылығы анық байқалды.
Кәсіби медиатор Сайера Даванова медиацияның қоғамдағы жаңаша мәдениет екенін, ол адамдарды түсіністікке, сабырлыққа және мәдени диалогқа шақыратынын айтып өтті. Қазіргі таңда жастар арасында жанжалдан гөрі келісімге келудің маңызын түсіндіру – уақыт талабы. Сондықтан медиация мәдениетін меңгеру олардың болашақта кез келген дау-дамайды өркениетті түрде шешуге дағдылануына ықпал ететінін атап өтті.
Жиынды қорытындылаған Базарбай Мамадиярұлы осындай жаңа форматтағы кездесулердің қоғамдағы ішкі тұрақтылықты сақтауға, этностар арасындағы бірлікті нығайтуға және жастардың бойында салауатты сана қалыптастыруға өз үлесін қосатынына сенім білдірді. Оның айтуынша, патриоттық тәрбие – тек әңгіме немесе іс-шара шеңберінде емес, күнделікті өмірде үлгі көрсету арқылы жүзеге асатын үздіксіз үдеріс.
Қоғамдағы патриоттық тәрбиенің рөлін талқылауға арналған «Отан – отбасынан басталады» атты дөңгелек үстел – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің, олардың бойында адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың тиімді алаңына айналды. Отбасы мен Отан арасындағы ажырамас байланыс, патриоттық тәрбиенің маңызы, қоғамдағы өзара түсіністік пен татулық – ел болашағын айқындайтын басты бағыттар. Жастар бұл құндылықтарды бойына сіңіргенде ғана мемлекетіміздің жарқын келешегі нық қалыптасады.
Jsk ақпараттық агенттігі.
