• 14 декабря, 2025 12:10 пп

Сайрам ауданында өскелең  ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беруге бағытталған слет өтті

Автор:admin

Ноя 25, 2025

Бүгінгі таңда жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты, отансүйгіштік сезімді, адамгершілік қасиеттер мен жауапкершілікті терең сіңіру – білім беру саласының аса маңызды міндеттерінің бірі. Жаңа дәуірдің талаптарына сай саналы, тәртіпті, рухани бай, елінің тарихы мен мәдениетін құрметтейтін азамат тәрбиелеу – қоғамның да, мектептің де ортақ мақсаты. Осы мақсатты жүзеге асыруда оқушылардың патриоттық тәрбиеге бағытталған іс-шараларға белсене қатысуы, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жобаларға араласуы ерекше маңызға ие.

Сайрам аудандық білім бөліміне қарасты білім беру мекемелері арасында ұйымдастырылып келе жатқан «Адал Ұрпақ» еріктілер клубының облыстық слетінің аудандық кезеңі – өскелең ұрпақтың рухани дамуына, олардың азаматтық көзқарасын қалыптастыруға ықпал ететін маңызды тәрбиелік алаң. Бұл іс-шара оқушылардың ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, ұлттық батырлардың ерлігіне тағзым етуге, олардың өмір жолын үлгі тұтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, балалардың бойында жауапкершілік, батылдық, ұйымшылдық секілді қасиеттерді дамытуға бағытталған.

«Далабазар» жалпы білім беретін мектебінің ӘАжТД пәні мұғалімі Қ.Ташбулатов жетекшілік ететін «Адал Ұрпақ» ерікті мектеп клубының мүшелері мен «Жас Сарбаздар» қозғалысының 9–10-сынып оқушылары осы іс-шараға ерекше дайындықпен қатысып, өздерінің патриоттық мінез-құлқын, жоғары деңгейдегі теориялық және практикалық дайындықтарын көрсетті. Слет барысында жас сарбаздар әскери тәртіпке негізделген үйлесімді қимылдарын айқындап, әскери бұйрықтарды орындау үлгілерін таныстырды. Сонымен бірге алғашқы көмек көрсету, бағдарлау, құтқару әрекеттері бойынша жаттығулар орындап, өздерінің әскери дайындық деңгейінің жоғары екенін дәлелдеді.

Олар ерлік сабақтары аясында тарихи тұлғалардың өмірінен, жауынгерлік дәстүрлерден, Отан қорғаушылардың батырлығынан үлгі ала отырып, патриоттық тақырыптағы қойылымдар көрсетті. Оқушылардың әрбір өнер көрсетуі – олардың елге деген сүйіспеншілігінің және рухани кемелденуге ұмтылысының көрінісі болды.

Патриоттық тәрбие – тек Отанды сүюді ұғындыру емес, сондай-ақ өз жерінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін құрметтей отырып, адамгершілік пен мейірімділікті өмірлік қағида ретінде қабылдау. Осы тұрғыда өткізілген слет барысында жас өрендер бір-бірімен тәжірибе алмасып, өздерінің шығармашылық қабілеттері мен өнерлерін ортаға салды. Олар түрлі бағыттағы шараларға қатысу арқылы ұлттық рухты бойына сіңіріп, ел алдындағы жауапкершіліктің қадірін терең түсінуге мүмкіндік алды.

Мұндай іс-шаралар жастарды бірлікке, өзара құрметке, ұлттық құндылықтарды бағалауға баулиды. Жас ұрпақтың бойына рухани тәрбие беру – олардың болашағына жасалған ең маңызды қадамдардың бірі. Өйткені ел ертеңі – бүгінгі жас буынның білімділігімен ғана емес, олардың жүрегіндегі отаншылдық сезіммен, мәдени-рухани байлығымен өлшенеді. Осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуі – болашақта елінің тағдырына бей-жай қарамайтын, қандай да бір жағдайда өзінің азаматтық борышын атқара алатын тұлғаның қалыптасуына жол ашады.

«Адал Ұрпақ» еріктілер клубының слеті – оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеудің тиімді әрі нәтижелі тәсілі. Мұнда жасөспірімдер ел тарихын құрметтеп қана қоймай, өздерінің бойындағы таланттарын ашып, қоғамға пайдалы болуға талпынады. Шараның тәрбиелік мәні зор, себебі ол балаларды отаншылдыққа, рухани биіктікке, тәрбиелі мінез-құлыққа жетелейді. Осындай ауқымды іс-шаралар жас ұрпақтың ұлттық болмысын қалыптастыруға және ел болашағына берік сеніммен қарауына бағытталған игі қадам болып табылады.

 

Jsk ақпараттық агенттігі.

Автор: admin