• 14 декабря, 2025 2:30 пп

Сайрамдық шебер ұлттық қолөнерді Түркістанда танытты

Автор:admin

Ноя 22, 2025

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық өнері – ұлттың рухани болмысы, мәдени жауһары және тәрбие мектебі. Ата-бабамыздың қолөнері тек тұрмыстық қажеттілік қана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын өнеге, талғам мен танымның көрінісі саналады. Мәдени мұраны сақтау, оны бүгінгі буын санасына сіңіру – қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыда ұлттық өнерді жастарға үйрету, оның қадір-қасиетін дәріптеу бағытында елімізде түрлі шығармашылық жобалар мен іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған ауқымды мәдени бастамалар қатарында өткен шеберлік сағаттары.

Осы мақсатта бүгін Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған «Ата кәсіп – жастарға мұра» атты үлкен шеберлік сағаты өтті. Шара Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс ұйымдастырылып, көпэтносты өңірдегі мәдени әртүрлілікті, қолөнер дәстүрлерін жаңғырту және жастар арасында рухани құндылықтарды насихаттауды көздеді. Бұл басқосу ұлттық өнердің қоғамдағы орнын айқындайтын әрі жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған кешенді іс-шара болды.

Шараның ресми ашылуында Түркістан облысы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Жанғазиева Эльмира Ұласбекқызы құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық қолөнердің ұрпақ тәрбиесіндегі, этностар арасындағы мәдени байланысты нығайтудағы маңызына айрықша тоқталды. Ол жастардың ата кәсіпке қызығушылығын арттыру – рухани жаңғыру мен ұлттық болмысымызды сақтаудың негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтті. Осындай кездесулер арқылы жас буынның бойында еңбексүйгіштік, табандылық және ұлттық мәдениетке құрмет сезімдерін қалыптастыруға болатыны айтылды.

Шеберлік сағатында қатысушылар түрлі қолөнер туындыларын тамашалап қана қоймай, шеберлермен тікелей тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Ұлттық өнердің қыр-сырын көрсеткен шеберлер ою-өрнек сәйкестігі, түстер үйлесімі, материал таңдау ерекшеліктері жөнінде практикалық кеңестер берді. Бұл өз кезегінде жастардың көзқарасын кеңейтіп, қолөнерге деген қызығушылығын арттырды.

Іс-шарада Сайрам ауданынан арнайы шақырылған «Оқу-өндірістік комбинаты» КММ-нің кәсіптік оқу мұғалімі, ұлттық өнерді көп жылдар бойы дәріптеп жүрген қолөнер шебері Баратова Нафиса Закиржановна ерекше көзге түсті. Ол құрақтан жасалған түрлі бұйымдарын таныстырып, олардың жасалу жолдарын кезең-кезеңімен көрсетті. Оның жұмыстарының нақышы, түстерінің үйлесімі мен ұлттық дәстүрге негізделген композициялары жастарды тәнті етті. Нафиса Закиржановнаның тәжірибесі жас буынға шабыт сыйлап, ұлттық өнерге деген жаңа көзқарас қалыптастырды.

Шара соңында марапаттау рәсімі өткізіліп, белсенді қатысқан жастар мен шеберлерге алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Үздік деп танылған қолөнершілер үштік орынға ие болып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бұл олардың еңбегіне берілген жоғары баға ғана емес, жас шеберлерге алдағы уақытта еңбек етуге ынталандыру болды.

«Ата кәсіп – жастарға мұра» атты бұл шеберлік сағаты – ұлттық мұраның сақталуы мен ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға арналған маңызды қадам. Сондықтан осындай шаралар жастардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, олардың рухани болмысын байытады, этносаралық түсіністік пен мәдени алмасуды күшейтеді. Бұл – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас буынды қолөнерге баулу арқылы қоғамды біріктіруге бағытталған өнегелі бастама. Нәтижесінде шеберлік сағаты ата кәсіптің қадір-қасиетін жастар санасына тереңірек сіңіріп, ұлттық өнерге деген жаңа серпін сыйлады.

 

Jsk ақпараттық агенттігі.

Автор: admin