• 25 апреля, 2024 11:21 пп

ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: ЕЛІМІЗБЕН БІРГЕ ЖАСТАР ДА ЖАҢҒЫРУЫ КЕРЕК

Автор:admin

Июн 7, 2023

Жаңа Қазақстанда жасалып жатқан өзгерістер елді дамытуға, экономикасын көтеруге және жаңа мүмкіндіктерге үлкен жол ашпақ. Бұл тарихта қалатын үлкен өзгерістер болмақ.
Қазақстанның ұлы тарихын жаңа жетістіктермен және табысты жобалармен үлес қосатындар – жастар. «Отаны жоқтың – негізі жоқ» деп дана халқымыз бекер айпаған. Отанды сүю, оны көркейту біздің міндетіміз. Ал мемлекеттің тұрақты дамуының негізі жастар болғандықтан, еліміз жастарға ерекше назар аударады. Білім беру, жұмыспен қамтамасыз ету, баспана беру елімізде бірінші орында және осы тұста қолданатын тәсілдер үлкен нәтиже бермек. Жастарға түрлі салада білім беру және сол қызметтермен қамтамасыз ету бойынша көптеген бағдарламалар жүзеге асуда. Мысал ретінде, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алу, «Дипломмен ауылға» жобалары және әскери қызметке шақырту. Еліміз жұмыспен қамтып қана қоймай, сонымен қатар біліктілігін мен білімін арттыруға, мамандығын бірнеше рет ауыстыруға және де жаңа мамандықтарды игеруіне де көп көңіл бөледі. Сол себепті жыл сайын жастар арасындағы жұмыссыздық азая түсуде. «Өскелең ұрпақ әрдайым заман сұранысына сай бейімделуі қажет» деген еліміздің басты қағидасы бар.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, елімізде мемлекеттік бағдарламалар арасында жастардың тегін оқуына, жұмыспен қамтылуына, кәсіппен айналысуына арнайы бағдарламалар биыл молынан қарастырылған.

Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар.
Жаңа Қазақстан жастары – білімді, байсалды және озат. Біз – елдің тірегі, мемлекеттің ең белсенді бөлігі болғандықтан, кез келген уақытта еліміз үшін
қолымыздан келген істен аянып қалмайтынымыз сөзсіз. Соңғы саяси жаңалықтарды жастардың қолдауы елімізге ауадай қажет.
Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру жастардың жауапкершілігінде. Біз алдыңғы буынның, айтулы тұлғалардың адал жолын лайықты жалғастыруымыз қажет. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Ең әуелі жастар бойында, рухани адамгершілік, құқықтық тәрбие және Отанға деген сүйіспеншілік басым болу қажет деп ойлаймын. Ал ол үшін әр отбасы тәрбие беру мен отансүйгіштік қасиеттерінің дамуына ықпал жасау қажет. Жастар жас шыбық сияқты, оларды қалай исең, солай иілуге әзір. Сол себепті жастарды тәрбиелеу, ойы мен бойын түзеу, зор жауапкершілік жүктейді.
Ұлы ақын, ұлағатты ұстаз Мағжан Жұмабаев айтпақшы мына қоғам «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жалындаған жастарға үміт артады. Ата-бабамыздың үмітін ақтау – ең басты борышымыз. Жаңа Қазақстан жастары ержүрек болуы қажет, бұл бізге қиын заманда әрбір кедергіні бұзып өтуге көмектеседі.

Жаңа Қазақстанды жастар қолдайды және мүмкіндіктерін пайдалана біледі. Алдағы уақытта жаңа ережелер жазылмақ. Ол біздің еліміздің болашағына үлкен ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Бұл ережелердің барлығы Ата Заңымыздан басталады. Бұл – ұрпақтың маңдайына жазылған заман ағымы, өз кезеңінің тынысы.
«Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деп үндеу жасаған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үлкен үміт артуда. Елдің қолдауына қарай біз, жастар да елді нығайтуға ат салыспақпыз. Тәуелсіздігі мәңгі, бейбіт елде өмір сүргенге не жетсін! Бұл тәуелсіздікті мәңгі ететін жастарды қолдаған елге не жетсін! Сондықтан да Қазақстан – жаңа, рухани өркениеттің бесігі. Ал оны қолдап, қорғау – жастардың міндеті.
Жансерік Жұман,
«Жастар рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы

Автор: admin