• 15 декабря, 2025 1:14 дп

Отырар ауданында терроризмнің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Автор:admin

Ноя 22, 2025

Еліміздің ұлттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаты елдің тұрақтылығын сақтауға, азаматтардың бейбіт өмірін қорғауға және қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған. Бұл саясаттың маңызды құрамдас бөлігі – терроризм мен экстремизмнің алдын алу, оларға қарсы кешенді іс-шараларды жүзеге асыру саналады. Мемлекет қауіпсіздікке төнетін кез келген қатердің алдын алу үшін заңнамалық базаны күшейтіп, құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы құрылымдардың өзара іс-қимылын жетілдіруде. Тек қауіпсіздік органдары ғана емес, бүкіл қоғам жұмыла әрекет еткен жағдайда ғана терроризмге қарсы тиімді тосқауыл қойылатыны белгілі. Сол себепті Отырар ауданында да терроризмнің алдын алу, халықтың құқықтық және ақпараттық сауаттылығын арттыру мақсатындағы кешенді шаралар жүйелі түрде іске асуда.

Аудан көлемінде білім беру ұйымдары, мәдениет және спорт мекемелері, қоғамдық ұйымдар, діни бірлестіктер бірлесе отырып, тұрғындар арасында радикалды идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыруға күш салуда. Әсіресе жастардың ақпараттық кеңістікте сақ болуы, күмәнді мазмұндарды талдай білуі, жат ағымдардан бойын аулақ ұстауы – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторларының бірі саналады. Сондықтан профилактикалық түсіндіру жұмыстарының ауқымын кеңейту – бүгінгі күннің басты талабы.

Осы мақсатта Отырар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейі» қызметкерлерінің қатысуымен «Терроризммен күрес – міндетіміз» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараның басты көздеген мақсаты – терроризмнің қоғамға төндіретін қауіптері туралы түсінік беріп қана қоймай, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыру, қоғамның бірлескен іс-әрекетінің маңызын көрсету.

Кездесу барысында терроризмнің ұғымы, оның тарихи қалыптасуы, қазіргі замандағы көріністері мен таралу тәсілдері жан-жақты түсіндірілді. Мамандар халықаралық құқықтық негіздерге тоқталып, әлемдік қауымдастықтың терроризмге қарсы күрес бағытындағы тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар радикалды идеологияның жастарға әсер ету жолдары, оның алдын алу тетіктері, ақпараттық қауіпсіздікті сақтау механизмдері кеңінен талқыланды.

Терроризмнің тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық азаматтардың бірлескен әрекетін қажет ететіні атап өтілді. Қатысушылар қауіпті жағдайларды анықтауда сақтық шараларын сақтау, күмәнді ақпарат көздеріне сенбеу, ақпаратты тек ресми арналардан алу керектігі жөнінде кеңестер алды. Әсіресе әлеуметтік желілердегі жалған діни үгіт-насихаттар мен радикалды контенттен сақтану жолдары ерекше назарға алынды.

Дөңгелек үстел сұрақ-жауап, пікірталас және еркін талқылау форматында өтті. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңызын атап өтті. Мамандар музей қызметкерлерінің қойған сұрақтарына толық әрі дәлелді жауаптар беріп, нақты жағдайлар арқылы түсіндірді. Талқылау барысында отбасының, мектептің және қоғамның терроризмнің алдын алудағы рөлі ерекше атап көрсетілді.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің ұлттық қауіпсіздікті нығайтуда, халықтың санасын қалыптастыруда және жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын айтты. Дөңгелек үстел мазмұнды ақпаратқа толы, тәрбиелік маңызы зор іс-шара ретінде жоғары деңгейде қорытындыланды.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin