Тамыры терең тарихы мен құндылыққа толы мәдениеті бар Отырар – ел руханиятында ерекше орын алатын аймақ. Сондықтан мұнда қоғамның тұрақтылығы мен дамуының негізі саналатын отбасы институтына айрықша назар аударылады. Аудандағы білім беру ұйымдары, мәдени орталықтар, жастар ресурстық орталықтары мен үкіметтік емес ұйымдар жас буынның өмірлік бағдарын қалыптастыруға бағытталған түрлі шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Себебі берік отбасы – елдің болашағын айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Отырарлықтар үшін отбасындағы сыйластық, өзара сенім, жауапкершілік сынды қасиеттер тек жеке адамдардың емес, бүкіл қоғамның тыныштығына әсер ететін маңызды түсінік ретінде саналады. Осы мақсатта жастарды отбасылық өмірге дайындау мәселесі аудан көлемінде жүйелі жолға қойылған.
Бұл бағыттағы маңызды кездесулердің бірі Отырар ауданына қарасты Балтакөл ауылында өтті. Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Балтакөл ауылы бойынша инспекторы Б.Сартпаевтың ұйымдастыруымен өткен «Отбасы құндылығы» атты басқосуға жасөспірімдер, ауыл ақсақалдары, педагогтар және түрлі сала өкілдері қатысты. Жиында отбасының қоғамдағы орны, оның бала тәрбиесіндегі шешуші рөлі, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықтың маңызы кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында отбасы – мемлекеттің берік іргетасы екені ерекше атап өтілді. Қазіргі таңда жастар арасында неке мен отбасы туралы түсініктің әлсіреуі, азаматтық неке ұғымының белең алуы, ақпараттық кеңістіктің ықпалына еріп, жеңіл қарым-қатынасқа бейімделу сияқты құбылыстар жиілеп келеді. Мұндай мәселелердің алдын алу үшін жас буынды ерте кезден дұрыс бағытқа бейімдеу керек. Сол себепті іс-шара жастарды саналы некеге және жауапты отбасылық өмірге дайындауды көздеді.
Кездесудің мақсаты – жас ұрпақ арасында отбасы институтына құрметпен қарау көзқарасын қалыптастыру, болашақ өмірлік серікті таңдауда ойланып, асығыс шешім қабылдамауға шақыру, ата-ана болудың жауапкершілігін түсіндіруге бағытталды. Психологиялық тұрғыдан дайындығы мықты жас ертеңгі күні отбасында үйлесімді қарым-қатынас орнатып, ұрпағына дұрыс тәрбие бере алады. Осы орайда, «Бүгінгі жас – ертеңгі ата-ана» тұжырымы көпшілікке терең талданып жеткізілді.
Спикерлер отбасы құндылықтарын сақтау – тек жеке тұлғаның емес, тұтас қоғамның басты міндеті екенін айтты. Өйткені, отбасының тыныштығы мен бірлігі ауылдың, ауданның және жалпы елдің берекесіне ықпал етеді. «Отан – отбасынан басталады» деген даналық сөздің мәнін ашқан қатысушылар шағын ұжымның татулығы үлкен қоғамның тұрақтылығына жол ашатынын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, жастарға психологиялық дағдыларды дамыту, бір-бірін тыңдай білу, түсіністік таныту, жанжалдарды мәдени түрде шеше білу секілді өмірлік маңызды қабілеттерді меңгерудің қажет екені айтылды. Отбасылық қарым-қатынас мәдениеті кішкентай сәттерден құралады: құрмет, сабыр, жауапкершілік және мейірім. Осындай құндылықтар бала бойында ерте қалыптасса, қоғам да соғұрлым тұрақты әрі мықты болады.
Жиын соңында қатысушылар отбасы институтын нығайту бағытында ұсыныстар білдіріп, мектептер мен ауылдық мәдени ошақтарда осы мәселеге арналған тұрақты кездесулер өткізудің маңызын атап өтті. Отырар ауданында отбасылық құндылықтарға ерекше мән берудің арқасында жас буын арасында жауапкершілік сезімі нығайып, өз болашағына саналы көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік туып келеді.,
Jsk ақпараттық агенттігі
