• 14 декабря, 2025 11:52 дп

Отырар ауданында діни сауаттылықты арттыруға арналған семинар өтті

Автор:admin

Ноя 19, 2025

Бүгінде Отырар ауданында дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүйелі түрде жүзеге асыру бағытында бірқатар ауқымды шаралар қолға алынып келеді. Аудандағы ішкі саясат бөлімі, жергілікті әкімдік және қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау, экстремистік идеологияның алдын алу бағыттарында жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Әсіресе жастар арасында зайырлы қоғам құндылықтарын насихаттау, дәстүрлі дін мен ұлттық тәрбие сабақтастығын дәріптеу – аудандық деңгейде маңызды басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Жүргізіліп жатқан бұл кешенді шаралар аудан жұртшылығының діни мәдениетін көтеріп, қоғамдағы татулық пен түсіністікті нығайтуға бағытталған.

Осындай игі бастамалардың жалғасы ретінде Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қолдауымен және «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» ЗТҚ ұйымдастыруымен аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің, діни бірлестік өкілдерінің және ауылдық округтердің дін саласына жауапты мамандарының біліктілігін арттыруға арналған «Мәдениет – дін – ұлт – мемлекет қатынастары» тақырыбында мазмұнды семинар өтті.

Семинарға арнайы спикер ретінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Теология» факультетінің деканы, PhD докторы, профессоры Кенжетай Досай Тұрсынбайұлы шақырылды.

Біліктілік арттыру шарасы барысында профессор Досай Тұрсынбайұлы тыңдаушыларға дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндіріп, білім беру жүйесіндегі зайырлылық қағидаттарының мән-маңызын терең талдады. Оның тарихи деректерге сүйене отырып жасаған талдаулары мен қазіргі қоғамдағы діни сана қалыптасуы туралы ойлары қатысушылар арасында ерекше қызығушылық тудырды. Тыңдаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріліп, маңызды мәселелер талқыланды.

Кездесу барысында Отырар ауданы бойынша найб имам Жүсіпов Қалдыбай Үсенұлы аудандағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, діни бірлестіктердегі имамдардың біліктілігін арттыруға арналған шаралар жөнінде баяндама жасады.

Іс-шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Сарсеков Ғалымжан Рысқұлұлы қорытындылап, қоғамдағы өзекті мәселенің бірі болып отырған түрлі жат діни ағымдардың теріс ықпалдары туралы қажетті мағлұматтармен бөліскен және мазмұнды түсіндірмелер жасаған Досай Тұрсынбайұлына аудан халқы атынан алғыс білдірді.

Аталмыш семинар Отырар ауданы аумағында  діни сауаттылықты арттыру, қоғамдағы рухани тұрақтылықты нығайту және әр салада қызмет атқарып жүрген мамандардың біліктілігін көтеруге бағытталған маңызды шаралардың біріне айналды.

Жиын барысында аудан имамдарының, ақпараттық түсіндіру тобы мүшелерінің және ауылдық округтердің дін мамандарының өзара тәжірибе алмасуы, ортақ мәселелерді талқылауы – олардың кәсіби деңгейін арттыруға зор мүмкіндік берді.

Семинар соңында ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалымжан Сарсеков аудан халқы атынан ризашылығын білдіре отырып, мұндай іс-шаралардың қоғамдағы түсіністік пен бірлікті нығайтуға, діни мәдениетті көтеруге қосатын үлесі зор екенін атап өтті.

Жалпы, бұл семинар Отырар ауданында дін саясатын жүзеге асырудың жаңа деңгейге көтерілгенін, рухани қауіпсіздік пен мәдени құндылықтарды дәріптеу бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізіліп жатқанын көрсетті. Осындай шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, ауданның рухани дамуына серпін беретіні сөзсіз.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin