• 14 декабря, 2025 12:08 пп

Отырарлық оқушылар зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөнінде кеңестер алды

Автор:admin

Ноя 24, 2025

Елімізде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалардың құқығын қорғау және олардың әлеуметтік ортасын қауіп-қатерден сақтау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл бағытта құқық қорғау органдары, білім беру мекемелері және ата-аналар қауымдастығы өзара тығыз байланыс орната отырып, өскелең ұрпақты жағымсыз құбылыстардан қорғауға, олардың саналы азамат болып қалыптасуына ықпал ететін кешенді жұмыстар жүргізуде. Әсіресе қазіргі заманда балалардың ақпараттық кеңістікте жиі ұшырайтын қауіптері – ерте жүктілік, интернет арқылы таралатын күмәнді және жат ағымдардың материалдары, кибербуллинг пен зорлық-зомбылыққа итермелейтін факторлар – ерекше бақылауды қажет етеді. Мұндай мәселелердің алдын алуда мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлесе атқаратын түсіндіру және профилактикалық жұмыстарының алатын орны айрықша.

Осы мақсатта Отырар ауданы, М.Шаханов атындағы жалпы білім беретін мектебінде Түркістан облыстық прокуратурасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз балалық шақ!» жобасы аясында 7-11 сынып оқушылары үшін профилактикалық жиын ұйымдастырылды.

Жиында кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу, әлеуметтік желілердегі күмәнді контенттерден, әсіресе жат ағымдардың арнайы сайттарынан сақтану, сондай-ақ зорлық-зомбылық әрекеттерін болдырмау мәселелері кеңінен қарастырылды.

Кездесу барысында Отырар аудандық Полиция басқармасы ҚҚБ ЮПТ инспекторы, полиция лейтенанты Н.Төлеген, МДТІЖО А.Ибрагимов және мектеп психологы А.Маханова әр сыныпқа жеке кіріп, оқушылармен ашық әңгіме өткізді. Олар оқушыларға күнделікті өмірде кездесуі мүмкін қауіп жағдайлары, құқық бұзушылықтың салдары, ерте жүктіліктің психологиялық және әлеуметтік зардаптары жөнінде түсінік берді. Әсіресе әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік ережелерін сақтау, бейтаныс адамдармен байланысқа түспеу, күмәнді топтар мен парақшаларға жазылмау туралы жан-жақты ақпарат ұсынды.

Жиын аясында психолог оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай туындауы мүмкін эмоционалды қиындықтар, буллингке немесе қысымға тап болған жағдайда не істеу керектігі туралы кеңестер берді. Мұндай профилактикалық шаралар мектеп пен құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықтың маңызын көрсетіп қана қоймай, оқушылардың өз қауіпсіздігі үшін жауапкершілік сезімін арттыруға ықпал жасады.

Кездесуден кейін әр сыныптың оқушылары анонимді түрде арнайы парақтарға толғандырған сұрақтарын жазып тапсырды. Бұл тәсіл балалардың еркін пікір білдіруіне, жеке мәселелерін жасырмай айтуына мүмкіндік берді. Туындаған сұрақтар бойынша мамандар қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың мазмұнына қарай қажетті кеңестер берді.

Аталған іс-шараның оқушыларға тигізген тәрбиелік және ақпараттық әсері айрықша болды. Біріншіден, балалар нақты мысалдар арқылы өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын түсінді. Екіншіден, әлеуметтік желілердегі қауіп-қатерді тануға және одан қорғана білуге үйренді. Үшіншіден, құқықтық мәдениетін арттырып, заң алдындағы жауапкершілік түсінігі нығайды. Төртіншіден, бала тәрбиесіндегі мектеп, полиция және ата-аналардың бірлескен жұмысының қаншалықты маңызды екеніне көз жеткізді.

Түсіндіру жұмыстары кезінде берілген ақпараттар жасөспірімдердің санасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, дұрыс көзқарас орнықтыруға бағытталды. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin