• 13 декабря, 2025 1:47 дп

Отырарда ұлттық және діни құндылыққа негізделген отбасы тәрбиесі талқыланды

Автор:admin

Ноя 25, 2025

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен Отырар ауданында соңғы жылдары отбасы беріктігін күшейтуге, жастардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған бірқатар жүйелі жұмыстар жүзеге асуда.

Аудандағы мешіттер мен діни оқу орталықтары тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жиі өткізіп, жанұя мәселелеріне қатысты түрлі форматтағы семинар-тренингтер, сұхбат алаңдары және кеңес беру кездесулерін ұйымдастырып келеді. Бұл бастамалар ұлттық салт-дәстүр мен исламдық құндылықтарды ұштастыра отырып, қоғамда берік, жауапкершілігі жоғары, татулығы жарасқан отбасылар санын көбейту, әсіресе ажырасу көрсеткішін азайтуды көздейді.

Осындай игі істердің жалғасы ретінде, Отырар ауданы бойынша бас имам Әбусейіт Бақыт Насырұлының бастамасымен «Отбасын қолдау орталығы» ғимаратында «Ислам және отбасы құндылығы» тақырыбында кең көлемді жиын өтті. Шараның негізгі мақсаты – ұлттық және діни құндылықтар арқылы отбасы қатынасын нығайту, жастар арасында жауапкершілік сезімін жетілдіру және ажырасудың алдын алуға арналды. Бұл бағытта имам қатысушыларға отбасылық мәселелерді шешудегі диалогтың, түсіністіктің, бір-бірін тыңдай білудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар қазіргі ақпараттық ортадағы жасөспірімдерге рухани тәрбие берудің жаңа тәсілдері туралы сөз қозғап, ата-анаға баламен дұрыс қарым-қатынас орнату жолдарын айтты.

Аталмыш басқосу аудан көлемінде жүргізіліп жатқан рухани-ағартушылық жұмыстың айрықша сәті саналып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға, қатысушылардың пікір алмасуына қолайлы орта қалыптастырды. Кездесуге қатысқан тұрғындар имамның мазмұнды дәрісін тыңдап, отбасы тақырыбындағы діни және әлеуметтік бағыттағы ойларымен бөлісуге мүмкіндік алды.

Жиын барысында бас имам Бақыт Насырұлы ислам дініндегі отбасы институтының орнын кеңінен ашып көрсетті. Ол отбасын – тек күнделікті тұрмыс тіршілігін ұйымдастыратын орта емес, қоғамның рухани, мәдени әрі моральдік іргетасы екенін атап өтті. Исламда ата-анаға құрмет көрсету, олардың разылығын алу – Алланың разылығына жеткізетін амалдардың бірі екені егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сонымен қатар бала тәрбиесіне ерекше тоқталып, ұрпаққа дұрыс бағыт беру – ата-ананың ең маңызды міндеттерінің бірі екені айтылды. Бала тәрбиесінің алғашқы мектебі – отбасы болғандықтан, ата-ана әрбір ісімен үлгі көрсетуі, сөз бен амалдың сәйкестігіне мән беруі керектігі кеңінен баяндалды.

Бұдан бөлек, бас имам жиын барысында ер мен әйелдің отбасындағы міндеттері мен жауапкершілігіне де тоқталды. Ер адамның – шаңырақтың қорғаны, адал ризығын табушысы, ал әйелдің – отбасының ынтымағы мен жылулығын сақтаушысы екені, екеуінің де бір-біріне деген құрметі мен мейірімі отбасының берекесін арттыратыны ұғындырылды. Қатысушыларға отбасында сабыр, кешірім, өзара сыйластық сияқты қасиеттерді дамыту жолдары жайында тәжірибелік кеңестер беріліп, күнделікті өмірде қолдануға керекті пайдалы мысалдар келтірілді.

Жиын соңында тұрғындар көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Өзара пікір алмасып, отбасы тәрбиесіне қатысты қажетті мағлұматтар алды. Бұл кездесудің Отырар ауданындағы рухани жұмыстарға серпін беріп, қоғамдағы отбасы институтын нығайтуға оң әсер ететіні айтылды. Осындай шаралар арқылы аудан тұрғындарының діни сауаттылығы артып, жас ұрпақтың тәрбиесіне деген жауапкершілік оң бағытта қалыптасатыны анық.

Алдағы уақытта да мұндай игі бастамалар жалғасын тауып, отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған жаңа жобалар мен тренингтер ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде Отырар өңірінде берекелі, ынтымағы күшті жанұялардың қатарын көбейтуге ықпал етпек.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin