• 15 декабря, 2025 10:20 пп

ОРДАБАСЫ: ОБЛЫСТЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ЖОЛ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ

Автор:admin

Ноя 22, 2025

Ордабасы ауданында көлік инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы жұмыстар табанды түрде жалғасып келеді. Соның айғағы – облыстық маңызы бар КХ-3 «Арыстанды–М32» автомобиль жолының маңызды бөлігі толық жаңартылып, бүгінгі күні ресми түрде пайдалануға берілді. Жөндеу жұмыстары Арыстанды ауылынан Нұра ауылына баратын жолдың 179–187,7 шақырым аралығын қамтыды.

Аталған учаске ұзақ жылдар бойы тұрғындардың талап-тілегін қажет еткен маңызды бағыттардың бірі болатын. Жыл сайын жүктемесі артып келе жатқан бұл жолға орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілуі – аудан халқы үшін үлкен қуаныш әрі оң шешімін тапқан күрделі мәселе болды.

Жөндеу барысында алдымен ескірген, ойылған және техникалық талаптарға сай келмейтін асфальт жабындары толықтай алынып тасталды. Оның орнына негізгі жол қабаты жаңартылып, екі қабаттан тұратын жаңа асфальт жабындысы төселді. Бұл өз кезегінде жолдың ұзақ мерзімге төзімді болуын, көлік қозғалысының қауіпсіздігін және сапалы жүруін қамтамасыз етеді.

Сонымен бірге жол жиегін нығайту, су ағатын арналарды реттеу, жол бойындағы қауіпсіздік белгілерін жаңарту, жол сызықтарын сызу сынды қосымша жұмыстар да толық көлемде атқарылды. Мұндай кешенді жөндеу – тек жолдың көрінісін жақсартып қана қоймай, оның стандарттарға сай болуын қамтамасыз ететін маңызды шара.

Аталған бағыттың жаңаруы ауылдар арасындағы қатынасты айтарлықтай жеңілдетіп, жолаушылар тасымалының сапасын жақсартады. Әсіресе, Арыстанды, Нұра және жақын маңдағы елді мекен тұрғындары үшін бұл жол ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауда, мектеп пен медицина ұйымдарына жетуде аса қолайлы болмақ.

Облыстық маңызы бар жолдың аяқталуы – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жасалған нақты қадам. Жолдың сапалы болуы инвесторлардың келуіне, инфрақұрылымның дамуына және ауылдық аймақтардың әлеуетін арттыруға әсер етеді.

Аудан басшылығы мен жол құрылысын жүзеге асырған мердігер ұйымдар жұмыстардың сапасына ерекше мән бергенін атап өтті. Ал тұрғындар болса, көптен күткен жолдың жақсарғанына ризашылықтарын білдіруде.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin