• 23 февраля, 2026 6:32 пп

ОРДАБАСЫ:  НАШАҚОРЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМ – РУХАНИ ДАМУ

Автор:admin

Ноя 17, 2025

Ордабасы ауданында жастарды салауатты өмір салтына баулу, зиянды әдеттердің алдын алу және қоғамда рухани сананы қалыптастыру мақсатында “Нашақорлықсыз қоғам – рухани даму” атты бұқаралық спорттық сайыс ұйымдастырылды. Іс-шараға ауданның әртүрлі білім беру ұйымдарынан жасөспірімдер қатысып, өзара бақ сынасты. Шара аудан жастарының белсенділігін арттырып, спорттың адам өміріндегі маңызын кеңінен көрсетті.

Жарыс бағдарламасы бірнеше бағытты қамтыды. Қатысушылар арқан тарту, эстафеталық ойындар, 100 метрге жүгіру және қол күрес секілді спорт түрлерінен сынға түсті. Әр кезеңде командалар шапшаңдықтарын, күш-қуаттарын, ұйымшылдықтарын және жеңіске деген жігерлерін таныта білді. Барлығы 11 команда қатысып, тартысты дода көрермендерге ерекше эмоция сыйлады.

Сайыс нәтижесі бойынша:  “Қыран” командасы — бірінші орынды иеленді, “Боралдай” командасы — екінші орыннан көрінді, “Бүркіт” командасы — үшінші орынға табан тіреді.

Жеңімпаздар арнайы марапаттармен және алғыс хаттармен қуантылды. Қатысушылардың барлығы бұл шараның олардың бойында достықты, ауызбіршілікті арттырғанын, дене дайындығын шыңдағанын атап өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты — жастарды нашақорлықтан, зиянды әрекеттерден алшақ ұстап, олардың назарын спортқа және пайдалы ортаға бағыттау болды. Сонымен қатар, “Нашақорлықсыз қоғам – рухани даму” ұраны жастарға тек физикалық денсаулықтың ғана емес, ішкі жан дүниенің тазалығы мен рухани кемелденудің да маңызын түсіндіруді көздеді.

Аудан жастары спорттың адамды тәрбиелеудегі, шыңдаудағы және дамытатын күш екеніне көз жеткізді. Мұндай шаралар жасөспірімдердің уақытын тиімді өткізуіне, олардың бойында жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастыруға оң ықпал етеді.

Шараның ұйымдастырылуына аудандық ішкі саясат бөлімі “Жастар ресурстық орталығы”, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, сондай-ақ аудандық білім бөлімі бірлесіп қолдау көрсетті. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған спорттық бәсекелерді тұрақты түрде өткізу жоспарланып отырғанын айтты.

Салауатты, білімді, рухани бай ұрпақ — жарқын болашақтың кепілі. Ордабасы жастарының белсенділігі – ауданның дамуы мен қоғамның өркендеуінің айқын көрінісі.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin