Елімізде кәсіпкерлікті дамыту бағытында бірқатар жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында: «Кәсіпкерлікті дамыту – еліміздің экономикалық өркендеуінің басты тетігі. Бизнестің жолындағы кедергілерді азайтып, әкімшілік тосқауылдарды жою қажет», – деп атап өтіп, бизнес өкілдері үшін қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызын ерекше атап өткен болатын. Осы тапсырмаларды іске асыру мақсатында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі Ордабасы, Бәйдібек және Созақ аудандарында кәсіпкерлермен жеке қабылдау өткізіп, олардың ұсыныс-талаптарын тыңдады.
Өңірлік кеңестің қабылдауы – кәсіпкерлер үшін ашық алаң. Кездесулерді Өңірлік кеңес төрағасы, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев жүргізді. Іс-шараларға Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, кеңес мүшелері, түрлі салада кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Бұл кездесулердің басты мақсаты – кәсіпкерлердің нақты проблемаларын анықтап, олардың шешу жолдарын мемлекеттік органдармен бірлесе талқылау, бизнес бастамаларға қолдау көрсету тетіктерін айқындау. Қабылдау барысында әр ауданнан келген кәсіпкерлер өз салаларындағы өзекті мәселелерін ортаға салып, ұсыныстарын жолдады.
Ордабасы кәсіпкерлері өңірде мал бордақылау ісіне сұраныстың артып келе жатқанын айта отырып, «Ауыл аманаты» бағдарламасына мал бордақылау бағытын енгізуді сұрады. Бүгінде бағдарлама аясында ауыл шаруашылығының бірнеше бағыты қолдау тапқанымен, бордақылау шаруашылығына нақты тетік қарастырылмаған. Кәсіпкерлердің пікірінше, бұл бағыт енгізілсе, аудан тұрғындарының жұмыспен қамтылуы артып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі де едәуір көбеймек.
Бәйдібек ауданының кәсіпкерлері ауыл кәсіпкерлігін дамыту үшін қолдау тетіктерін барлық ауылдық округтерге кеңейту қажеттігін айтты. Бүгінде қолдаулардың басым бөлігі орталық елді мекендерде басымдыққа ие болғандықтан, шалғай ауылдарда кәсіп ашқысы келетін азаматтар түрлі қиындықтарға тап болуда. Кәсіпкерлер бұл мәселе шешілсе, аудан бойынша шағын бизнестің дамуы қарқын алатынын жеткізді.
Созақ ауданының кәсіпкерлері үшін ең өзекті мәселе – кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдерін бөлу және құрылыс нормаларын жеңілдету. Олар қажетті жер телімдерін рәсімдеу барысында көптеген әкімшілік кедергілер кездесетінін, бұл жаңа кәсіпорындардың ашылуын тежейтініне тоқталды. Сондай-ақ, құрылыс нормаларының күрделілігі бизнес жүргізуді қиындататынын айтып, нормативтік талаптарды жеңілдетуді сұрады.
Өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов кәсіпкерлермен осындай ашық форматтағы кездесулердің маңыздылығына тоқталып, әрбір ұсыныстың назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Ол кәсіпкерлердің нақты проблемаларын көзбе-көз тыңдау – мемлекеттік басқарудағы тиімді диалогтың басты тетігі екенін жеткізді.
Ал Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев барлық ұсыныстар мен көтерілген мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатынын айтты. Сонымен қатар, ұсыныстардың орындалуы Палатаның тұрақты бақылауында болатынын және кәсіпкерлердің мәселелерін шешуде қажетті қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Мұндай кездесулер өңір кәсіпкерлері үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені осындай форматта мәселе көтеру арқылы бизнес өкілдері: мемлекеттік қолдау тетіктері туралы толық ақпарат алады, мәселелерді тиісті орындарға тікелей жеткізе алады, аймақтық бизнес ахуалын жақсартуға ықпал етеді, атқарушы органдармен тұрақты кері байланыс орнатады.
Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымдастырылған қабылдаулар бизнес саласын дамыту, кәсіпкерлердің құқығын қорғау және өңірдегі кәсіпкерлік ортаны жақсарту бағытында маңызды қадам болып отыр.
Jsk ақпараттық агенттігі
