Ордабасы аудандық Мәдениет үйінде ерекше жанұялар мен көру қабілеті зақымдалған жандарға арналған «Спорт – денсаулық кепілі» атты Түркістан облыстық ашық спартакиадасы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты — инклюзивті спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және ерекше қабілеті бар адамдарға спорт арқылы өзіндік сенімділік пен әлеуметтік белсенділікті қалыптастыру.
Спартакиадаға Ордабасы ауданының әртүрлі ауылдарынан, сондай-ақ Түркістан облысының басқа аймақтарынан келген қатысушылар қатысты. Дода барысында қатысушылар түрлі спорттық жарыстар мен эстафеталық тапсырмаларды орындап, өздерінің күш-қуаты мен төзімділігін көрсетті.
Іс-шараның ашылу салтанатында Ордабасы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысқақ сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол:
«Спорт тек денсаулыққа ғана пайдалы емес, сонымен қатар рухани жігерді шыңдайтын, қоғамдағы татулық пен достықты нығайтып, адамдар арасындағы өзара түсіністікті арттыратын маңызды сала. Сіздер осы доданың арқасында өз қабілеттеріңізді дәлелдеп, жаңа тәжірибе жинайсыздар» — деп атап өтті.
Жарыс барысында қатысушылар үлкен ерік-жігер мен белсенділік танытты. Әрбір ойыншы өз шеберлігін көрсетіп, командалық рухты дамытуға үлес қосты. Дода қатысушыларға тек жарыс қана емес, сонымен қатар өзара тәжірибе алмасу, достық пен өзара қолдау көрсететін платформа болды.
Жарыстың қорытындысында үздік ойыншылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға естелік сертификаттар мен шағын сый-сияпат берілді. Бұл – олардың спортқа деген ынтасын арттырып, болашақтағы жетістіктерге талпындыру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шара соңында қатысушылар өз әсерлерімен бөлісті: көптеген қатысушылар ерекше көңіл-күймен, жаңа достарымен, мотивациямен және спортқа деген құштарлықпен тарасты. Спорттық дода қоғамдағы инклюзивті ортаны нығайтып, ерекше қабілетті жандарға арналған мүмкіндіктердің кеңейуіне үлес қосатындығы атап өтілді.
Ордабасы ауданында осындай іс-шаралардың тұрақты түрде өткізілуі, ерекше адамдардың өміріне қуаныш, ынта мен жаңа мүмкіндіктер әкелетін маңызды бастама болып табылады.
Jsk ақпараттық агенттігі
