Ордабасы ауданында биылғы астық жинау маусымы ресми түрде басталды. Жер-ананың берекесін арттыру жолында еңбек етіп жүрген ауыл шаруашылығы мамандары үшін жауапты кезең – бидай орағы қызу қарқын алды. Соның бірі – Бөржар ауыл округіндегі «Ынтымақ» өндірістік кооперативі.
Кооператив төрағасы Талғат Жанысбаевтың айтуынша, биыл шаруашылықта 120 гектар алқапқа бидай егілген. Көктемгі егіс жұмыстары дер кезінде жүргізіліп, агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптау кезінде тыңайтқыштар қолданылып, арамшөпке қарсы кешенді шаралар атқарылған. Соның нәтижесінде бидай бітік шығып, мол өнім алуға мүмкіндік бар екенін мамандар қуана жеткізуде.
Биыл Ордабасы ауданы үшін де ерекше жыл болып отыр. Ағымдағы жылы аудан көлемінде 27900 гектар алқапқа бидай егілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 250 гектарға артық, яғни ауданның астық өндіру әлеуеті артып келе жатқанын көрсетеді. Егіс алқаптарын кеңейту – тек өнім көлемін көбейту ғана емес, ауыл шаруашылығының экономикалық тұрақтылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Қазіргі таңда егін орағы ауданның барлық аймағында қызу жүріп жатыр. Астық жинауға қажетті техника – комбайндар мен жүк көліктері толық дайындалып, науқан уақтылы басталды. Өнімнің ысырапсыз жиналуы үшін ауа райы жағдайы мен агротехникалық бақылау да басты назарда.
Жер емген диқандар үшін әр күн, әр сағат – маңызды. Әр түйір дән – маусым бойғы маңдай тер мен табандылықтың нәтижесі. Сондықтан ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегі аудан экономикасының ілгерілеуіне, азық-түлік қауіпсіздігіне, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына үлкен үлес қосып отыр.
Аудан басшылығы да науқан барысын тұрақты қадағалап, шаруаларға қолдау көрсетуде. Моңдай жұмыстардың нәтижесінде Ордабасы ауданы биылғы астық маусымын жоғары көлеммен аяқтайды деген сенім зор.
Әр түйір дән үшін тер төккен еңбек адамдарына алғыс білдіреміз! Биылғы бидай орағы молшылық пен берекеге толы болсын!
Jsk ақпараттық агенттігі
