• 23 февраля, 2026 8:29 пп

ОРДАБАСЫ: «АУЫЛ АМАНАТЫ» – ОТБАСЫЛЫҚ КӘСІПТІҢ ДАМУЫНА ТҮРТКІ БОЛҒАН ЖОБА

Автор:admin

Ноя 17, 2025

Ауылдарда шағын кәсіпті өркендетіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы Ордабасы өңірінде де нәтижелі жүзеге асуда. Мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігі ауыл тұрғындарына өз кәсібін бастауға, оны тұрақты табыс көзіне айналдыруға нақты мүмкіндік беріп отыр. Бағдарлама аясында мал шаруашылығы, өсімдік өсіру, қызмет көрсету сынды түрлі бағыттағы жобалар іске асып, ауыл экономикасының дамуына тың серпін беруде.

Сол игілікті істің бір көрінісі – Шұбар елді мекенінің тұрғыны Берік Пірәлінің бастамасы. Отбасылық кәсіпті дамытуды мақсат еткен ол «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 7 млн 200 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, жылқы бордақылау ісін қолға алған. Бұл қаражат ең алдымен кәсіптің негізгі қорын қалыптастыруға бағытталып, Берік 18 бас жылқы сатып алған. Сонымен бірге шаруашылыққа қажетті 18 тонна шөп пен арпа жиналып, мал азығының жылдық қоры қамтамасыз етілген. Қора-жайын жөндеп, жабдықтарын толықтыруға 1,3 млн теңге жұмсап, кәсіптің берік іргетасын қалаған.

Бүгінде Берік Пірәлінің шағын шаруашылығы тұрақты табыс көзіне айналып отыр. Жылқы бордақылаудың орташа айналымы 90–120 күн аралығында жүретіндіктен, әр малдан 70–90 мың теңге аралығында таза пайда түседі. Осылайша, кәсіп иесі ай сайын кіріс көріп, отбасылық жағдайын жақсартып келеді. Оның айтуынша, кәсіптің тиімділігі еңбекті жүйелеп істеген адамға әрдайым табыс әкелетіндігінде. Беріктің еңбегінің арқасында отбасының тұрмысы түзеліп, шаруашылықтың аясы кеңейе түскен.

Берік Пірәлінің алдағы жоспары да айқын. Ол мал басын 50 басқа дейін көбейтуді, шағын жемшөп қоймасын салуды, сонымен қатар ауылдағы бірнеше азаматты жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Бұл өз кезегінде ауылдағы әлеуметтік жағдайдың жақсаруына ықпал етпек.

«Ауыл аманаты» жобасы – ауыл тұрғындарына үлкен мүмкіндік. Берік сияқты еңбекқор азаматтар осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ауыл экономикасының дамуына нақты үлесін қосуда. Осындай табысты жобалар ауылдың әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға негіз болары сөзсіз.

Автор: admin