• 19 декабря, 2025 7:57 дп

ОРДАБАСЫ: АУДАНЫМЫЗДЫҢ «ЖАС ТОЛҚЫНДАРЫ» – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУДЫҢ ГРАН ПРИ ИЕГЕРІ

Автор:admin

Дек 19, 2025

Өнер, мәдениет саласындағы қызметтің жандануына үлес қосып жүрген Ордабасы өнерпаздары тағы бір үлкен жетістікке қол жеткізді. Ордабасы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер театры халықаралық деңгейде топ жарып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Ордабасы ауданының жас өнерпаздары Астана қаласында өткен халықаралық көпжанрлы «ALASH STAR» өнер байқауына қатысып, «Актерлік шеберлік» аталымы бойынша Гран При жүлдесін жеңіп алды. Бұл – жас театр ұжымының шығармашылық өсу жолындағы ерекше белесі.

Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден келген өнер ұжымдары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Қазылар алқасы қатысушылардың сахналық ойын, актерлік шеберлік, шығармашылық ойлау мен қойылым мазмұнын саралай отырып, Ордабасыдан барған «Жас толқын» театрына жоғары баға берді.

Бұл жеңіс – жас буынның табандылығы мен талантының, жетекшінің қажырлы еңбегі мен шығармашылық ізденісінің нәтижесі. Театр ұжымы бұл марапатты аудан өнерінің абыройы деп біледі.

Ордабасы ауданында өнер мен мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде соңғы жылдары жасөспірімдер театры, үйірмелер және шығармашылық клубтардың жұмысы жанданып, жаңа таланттар көкке самғауда. «Жас толқын» театрының жеңісі – осы жүйелі еңбектің нақты көрінісі.

Байқау барысында жас әртістер қазақтың ұлттық болмысын, тәрбиесін және адамгершілік құндылықтарын сахна тілімен шебер жеткізіп, көрерменнің де, қазылардың да ыстық ықыласына бөленді. Образға ену, сахнадағы үйлесімділік пен эмоциялық берілу жоғары деңгейде бағаланды.

Сонымен қатар, «Жас толқын» театрының бұл жетістігі аудан жастарына үлкен серпін берді. Жеңіс басқа шығармашылық ұжымдарға да шабыт сыйлап, жаңа белестерге жетеледі. Өнерге қызығушылық артып, театр мәдениетіне деген ынта күшейіп келеді.

Алдағы уақытта аудандық Мәдениет үйі «Жас толқын» театрының репертуарын кеңейтіп, жаңа қойылымдар дайындауды жоспарлап отыр. Халықаралық деңгейде танылған жас ұжым енді республикалық және өзге де өнер додаларында аудан намысын абыроймен қорғауға ниетті.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin