• 14 декабря, 2025 12:09 пп

ОЛАР — АУЫЛ АЗАМАТТАРЫ

Автор:admin

Ноя 25, 2025

Бірлік пен тұрақтылық, әділдік пен ынтымақ, сенім мен жауаптылық — еліміздегі қоғамдық өмірдің өзегіне айналған негізгі құндылықтар. Бұл қасиеттер түрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ортақ мақсатқа бірдей үлес қосуына негіз болады. Осындай құндылықтардың ауыл өмірінде қалай көрініс табатынын білмек мақсатта Jsk ақпараттық агенттігі Ордабасы ауданы,  Бөген ауылында еңбек етіп жүрген өзге ұлт өкілдерімен арнайы сұхбат жүргізді. Соның бірі — ауыл халқына жақсы таныс, адал еңбегімен құрметке ие Маргарита Михайловна Аллаярова.

Маргарита Михайловна — орыс ұлтының өкілі. 1966 жылы қазақ даласының кең пейізінде дүниеге келген ол жастайынан қазақтармен көрші болып, бірге еңбек етіп өсті. Бастапқыда орыс сыныбында оқығанымен, ауылдың тіршілігі мен қазақ халқының кең пейілі оған мемлекеттік тілді оңай меңгеруге мүмкіндік берді. Қазақ тілін еркін меңгеруі — оның ауылмен біте қайнасқан өмірінің дәлелі.

Өмірлік жары Олег Николаевичпен де осы Бөген ауылында танысып, отау құрған. Жастық шағында бұрынғы Тимирязев атындағы кеңшарда трактор руліне отырып, егін даласында тыңбай еңбек етті. Бөгеннің өзені, арықтары, қырлары мен жайылымы — оған жат жер емес, нағыз туған топырағы. Кеңшар кезеңінде де, жекешелендіру уақытындағы қиындықтарда да ол еңбек майданынан шет қалған емес. «Ауылда қандай жұмыс болса да, барынша тиянақтап орындауға тырыстым» дейді Маргарита өткенін еске алып.

Ал өзі көп жылдар бойы ауылдағы ескі моншада кассир болып жұмыс істеген. Бүгінде жаңа жылы су моншасында тазалықшы қызметін атқарып, келушілердің таза әрі жайлы ортада жуынуына жағдай жасайды. Оның пайымынша, жұмыстың үлкені мен кішісі болмайды. Әр істің қадірі — адал атқарылғанында.

Отбасы да — ауылдың бір бөлігі. Олар 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. 1987 жылғы тұңғышы Сергей орта мектепті тәмамдап, еңбекке араласып кеткен. Одан кейінгі Юлия мен 1994 жылы туған Евгений Б. Кенжебаев атындағы орта мектептің қазақ сыныбында білім алған. Бүгінде бәрі ауылдастарымен мемлекеттік тілде еркін сөйлеседі. Бұл да ауыл ортасының, қазақы тәрбиенің, ортақ өмір салтының жемісі екені сөзсіз.

Сұхбат соңында Маргарита Михайловна аса бір қарапайымдылықпен былай деді:

— Бұдан былай бізге «өзге ұлт» деп қарамаңыз. Біз — осы ауылдың азаматтарымыз.

Иә, ол дұрыс айтады. Олар — шын мәнінде ауылдың төл перзенттері. Еңбегімен қадірленген, тұрмысымен үлгі болған қарапайым да адал азаматтар. Еліміздегі бірлік, ынтымақ, жауапкершілік сияқты құндылықтардың нақты бейнесі — дәл осындай адамдардың күнделікті тіршілігі мен болмысынан көрінеді.

Қазақ даласының кеңдігі — тек жердің кеңдігі емес, жүректің кеңдігі. Бөген ауылында өмір сүріп жатқан Аллаяровтар отбасы соның дәлелі.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin