• 06.08.2026 11:43

Нұралхан Көшеров Кентау тұрғындарымен кездесті:

Автор:jsk.kz

Авг 6, 2026

Өңірдің экономикалық көрсеткіштері өсіп, әлеуметтік мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде
Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласына жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен ауқымды кездесу өткізді және азаматтарды жеке қабылдады.


Ашық диалог алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары талқыланып, тұрғындардың өзекті сұрақтары мен ұсыныстары тыңдалды. Жиын барысында облыс әкімі Кентау шаһарының табиғаты көркем, өндірісі өркендеген ерекше қала екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жобалар іске асырылып жатқанын жеткізді.


«Бүгінде облыстың инвестициялық әлеуетін дамыту бағытында арнайы жобалар мақұлданып, іске асыру жұмыстары қарқынды жалғасып келеді. Өткен кездесуде сіздердің тараптан 26 мәселе көтерілген болатын, бүгінде оның 18-і орындалып, қалған төрт мәселені шешу жұмыстары кезең-кезеңімен жүруде. Әрбір тұрғынның талап-тілегі менің жіті қадағалауымда», — деді өңір басшысы.
Кездесуде қала әкімі Жандос Тасов аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде есеп берді. Ағымдағы жылдың алғашқы 6 айының қорытындысы бойынша шаһарда бірқатар оң көрсеткіштер тіркелген: Жалпы өңірлік өнім көлемі 43,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,3 пайызға артты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,3 млрд теңгеге жетіп, өсім 117 пайызды көрсетті. Өндірілген өнім көлемі 26,2 млрд теңгені құрады (оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 20,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді). Саланың жалпы көлемі 114,8 пайызға орындалды. Мал шаруашылығы – 117,7%, ал өсімдік шаруашылығы – 100%. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 797 бірлікке жетті. Қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз деңгейінде сақталуда.
Тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мақсатында Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендерде бірқатар ауқымды инфраструктуралық жобалар жүзеге асырылды: Қала аумағындағы тағы 3 елді мекен көгілдір отынмен қамтылып, жүйеге қосылған абоненттер саны 17 мыңға жетті. Халықты баспанамен қамту мақсатында 120 ипотекалық тұрғын үй салынып, толық пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 20,8 пайызға артқан. «Болашақ» мөлтек ауданындағы 14 көшенің ауыз су құбырлары толық ауыстырылса, Қарнақ ауылындағы 5 көшеге (жалпы ұзындығы 3,5 км) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаланың ішкі жылу жүйесінің 54 шақырымы қайта жаңғыртудан өткізілді. Қалада 32 мектеп жұмыс істейді, апатты және үш ауысымды мектептер жоқ. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 99,6 пайызды құрайды. Сондай-ақ халыққа 13 медициналық мекеме қызмет көрсетеді. Жиын соңында облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын жеке-жеке тыңдады. Кездесу барысында көтерілген негізгі мәселелер қатарында елді мекендерді газбен қамту, жолдарды жөндеу, инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй және жер телімдерін алу мәселелері болды.
Аймақ басшысы түйінді мәселелерді шешу бойынша жауапты басшыларға нақты тапсырмалар беріп, тұрғындардың талап-тілегі әрқашан басты назарда болатынын атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрғындармен кездесулері өңірдің барлық аудан-қалаларында жалғасады. Тұрғындар жеке қабылдауға «eOtinish» бірыңғай базасы немесе «Ашық әкімдік»кеңсесі арқылы жазыла алады.
Jsk ақпарат

Автор: jsk.kz