Ордабасы ауданы бойынша жалпы білім беретін мектептерде жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында “Заң мен тәртіп” қағидатын ілгерілету бағытында бірқатар түсіндіру кездесулері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі Шұбарсу ауыл округінде өткізілген “Бұзушылыққа тоқтам” және “Нашақорлыққа жол жоқ” атты кеңейтілген кездесу болды.
Бұл шараға мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары қатысты. Кездесу барысында мамандар жасөспірімдерге есірткі мен психоактивті заттардың зияндылығы, олардың денсаулыққа, психологиялық дамуға, әлеуметтік өмірге тигізетін кері әсері туралы жан-жақты түсінік берді. Сонымен қатар ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дұрыс өмірлік құндылықтарды қалыптастыру, сенімді қарым-қатынас орнату маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.
Кездесудің негізгі мақсаттары: Жасөспірімдер мен ата-аналарды нашақорлықтың қауіптілігі туралы хабардар ету;
Нашақорлықтың алдын алу жолдарын түсіндіру, жастарды салауатты өмір салтына баулу;
Оқушыларды психоактивті заттардан алшақ болуға шақыру.
Кездесудің міндеттері:
Нашақорлықтың қоғамға, денсаулыққа және психологияға тигізетін зиянын нақты деректермен жеткізу.
Оқушыларға өз өмір жолын дұрыс таңдауға көмектесу, өмірлік құндылықтарын айқындауға бағыт беру.
Ата-аналарға бала тәрбиесіндегі бақылаудың, қолдаудың және сенімді қарым-қатынастың ерекше рөлін түсіндіру.
Кездесуге Ордабасы аудандық прокуратурасының прокуроры Төлеметов Шыңғыс Қыдыралыұлы, Ордабасы аудандық білім бөлімінің әдіскері Алимкулов Нуртас Курманович, сондай-ақ Ордабасы аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға инспекторы Көпбосын Ақтөре Садықұлы қатысып, нашақорлықтың алдын алу жолдары мен ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынастың маңыздылығы туралы баяндады. Кездесуде нақты өмірден алынған мысалдар талқыланып, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға толық жауап алды.
Бұл кездесулердің басты нәтижесі – жасөспірімдер мен ата-аналардың есірткіге қарсы санасын қалыптастыру, салауатты өмір салтының құндылығын түсіндіру және қауіпті әдеттерден алшақ болуға шақыру. Мамандар мұндай шаралардың тұрақты түрде өткізілсе, қоғамдағы нашақорлыққа қарсы бірлік пен жауапкершілік деңгейін арттыратынын атап өтті.
Салауатты ұрпақ – жарқын болашақ кепілі.
Өзіміздің және жақындарымыздың амандығы үшін зиянды әдеттердің алдын алу жолында бірге әрекет етейік!
Jsk ақпараттық агенттігі
