• 23 февраля, 2026 6:38 пп

МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНДАРЫНА КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ

Автор:admin

Ноя 17, 2025

Ордабасы ауданының мәдениет саласында қызмет етіп жүрген кәсіби мамандар әрдайым аудан абыройын асқақтатып, өнер мен руханиятты дамытуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Осындай қажырлы еңбектің бағалануы – олардың шығармашылыққа деген адалдығының айқын дәлелі. Кеше аудандық Мәдениет үйінде өткен кезекті жиында бірқатар қызметкерлер салалық марапаттарға ие болып, әріптестер тарапынан жылы қошеметке бөленді.

“Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрағасы Асылхан Темірхан мырза Ордабасы Аудандық Мәдениет үйінің ұжымымен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында мәдениет қызметкерлерінің қазіргі жұмысы, шығармашылық бағыттағы жоспарлары мен алдағы міндеттері талқыланып, сала мамандарына қолдау көрсету мәселелері сөз болды.

Осы жиында Мәдениет үйінің директоры Гүлзина Балабиева Насырлақызы салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы С. Иманқұлованың атынан берілген “Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі” төсбелгісімен марапатталды. Бұл – жетекші ретінде ұжымға бағыт-бағдар беріп, мәдениет ошағының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген басшы еңбегіне көрсетілген зор құрмет.

Сонымен қатар мәдениет үйінің режиссері Перизат Баймаханова, мәдениет саласының үздігі, әнші Нұргүл Алтынбекқызы, сондай-ақ “Ордабасы” фольклорлық халық ансамблінің көркемдік жетекшісі Біржан Қалыбеков өздерінің кәсіби шеберлігі мен аудандағы мәдени өмірді жандандыруға қосқан үлестері үшін Құрмет грамотасымен марапатталды. Олардың әрқайсысы – өнерге жанымен берілген, талай мәдени шаралардың табысты өтуіне себепкер болып жүрген тұлғалар.

Бұл марапаттар – тек жеке жетістік қана емес, бүкіл Ордабасы мәдениетінің дамуына арналған ортақ баға. Ұжымның ұйымшылдығы, шығармашылық белсенділігі және халыққа сапалы мәдени қызмет көрсетудегі табандылығы – аудан руханиятының деңгейін биіктете түсуде.

Мәдениет үйі директоры мен барша әріптестерді лайықты марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз! Еңбектеріңіз әрқашан еленіп, өнер әлемінде биік белестерді бағындырып, ауданның мәдени тынысын жандандыра берулеріңізге тілектеспіз.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin