• 25.06.2026 16:50

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ БАҚ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН МАРАПАТТАУ РӘСІМІНДЕ СӨЗ СӨЙЛЕДІ

Автор:jsk.kz

Июн 25, 2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, журналистер қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады. Президент БАҚ саласы өкілдерінің қоғам өміріндегі ерекше рөліне тоқталып, олардың халық пен билік арасындағы маңызды көпір екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, журналистер әрдайым қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, азаматтардың мүддесін қорғап келеді. Ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған қазіргі кезеңде халыққа жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат жеткізу, маңызды оқиғаларға терең талдау жасау – медиа саласы мамандарына жүктелген жауапты міндеттердің бірі.

Президент отандық журналистердің елдегі ауқымды саяси реформаларды түсіндіру мен насихаттаудағы еңбегін жоғары бағалады. Оның ішінде жаңа Конституцияны әзірлеу және қабылдау үдерісінде БАҚ өкілдері маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өтті. Конституциялық комиссия жұмысы туралы сапалы ақпарат таратып, ұсынылған өзгерістерге жан-жақты талдау жасаған журналистер қоғамда кең ауқымды пікірталас қалыптастыруға үлес қосты. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерді жаңа Конституцияның тең авторларының бірі деуге болатынын айтты.

Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және ұлттық бірлікті күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар білім мен ғылымды дамыту, инновацияны қолдау, адам капиталын арттыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау негізгі басымдықтар ретінде айқындалғанын жеткізді.

Президенттің пікірінше, қазіргі цифрлық дәуірде медиа саласы елеулі өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Әлеуметтік желілер мен интернет-платформалардың ықпалы артқанымен, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы төмендеген жоқ. Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматтарға бейімделіп, мультимедиялық платформалар ретінде дамып келеді. Олардың басты артықшылығы – ақпаратты терең талдап, сапалы сараптама ұсына алуында.

Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық кеңістіктегі өзекті мәселелердің бірі – жалған ақпарат пен дипфейк технологияларының таралуына да тоқталды. Оның айтуынша, жасанды интеллект құралдары арқылы қоғамда алауыздық туғызуға, мемлекеттік институттардың беделіне нұқсан келтіруге бағытталған әрекеттер жиілеп келеді. Сондықтан журналистер шынайы ақпарат таратып, қоғамның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне белсенді атсалысуы қажет.

Президент Қазақстанда сөз бостандығы мен пікір алуандығына барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті. Сонымен қатар сөз еркіндігі жауапкершілікпен ұштасуы тиіс екенін айтып, құқықтық нигилизмге, радикализмге және қоғам құндылықтарына қайшы келетін идеологияларды насихаттауға жол бермеу қажеттігін жеткізді. Бұл ретте азаматтардың медиасауаттылығын арттырудың маңызына ерекше назар аударылды.

Мемлекет басшысы жастар тәрбиесіне қатысты мәселелерге де тоқталды. Оның пікірінше, медиакеңістікте сән-салтанат пен жеңіл табыс культін дәріптеу өскелең ұрпақтың дүниетанымына теріс әсер етеді. Сондықтан журналистер қоғамға жасампаз еңбек, адалдық, мәдениет және жауапкершілік құндылықтарын насихаттауы тиіс. Президент қазіргі журналистердің басты миссиясы шындықты көрсету ғана емес, сонымен қатар ұлтты өркениетке бастайтын ағартушылық қызмет атқару екенін атап өтті.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ақпарат саласы қызметкерлеріне Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Күшті Қазақстан құру жолындағы еңбектері үшін алғыс білдірді. Ол журналистердің «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын және «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын қоғамда кеңінен дәріптеуге қосып жүрген үлесін жоғары бағалады.

Президенттің Жарлығымен Қазақстан журналистикасы мен телевизиясының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар медиа саласының өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында ұлттық телевизияның алғашқы кәсіби мамандарының бірі, қазақ тіліндегі тұңғыш эфирді жүргізген ардагер диктор Зұлқия Жұматова да бар. Мемлекет басшысы оған «Құрмет» орденін табыстау туралы шешім қабылдағанын жариялады.

Қасым-Жомарт Тоқаев журналистер қауымы алдағы уақытта да ел мүддесіне қызмет етіп, қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күштерінің бірі болып қала беретініне сенім білдірді.

Автор: jsk.kz