• 26 января, 2026 4:28 пп

МЕМЛЕКЕТТІК КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР БОЙЫНША 2025 ЖЫЛЫ ДЕПАРТАМЕНТПЕН АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Автор:admin

Янв 26, 2026

 

Әрбір азамат өмірге келген сәттен бастап мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен үздіксіз байланыста болады. Баланың тууын тіркеу, білім алу, жер телімін рәсімдеу, әлеуметтік көмекке жүгіну, денсаулық сақтау саласындағы қызметтер – мұның барлығы азаматтардың мемлекетпен күнделікті қарым-қатынасының нақты көрінісі. Сондықтан мемлекеттік қызметтер көрсету сапасы мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімнің негізгі көрсеткіші болып табылады.
Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мәселесі ел Президентінің жыл сайынғы Жолдауларында ерекше назарда. Осы бағытта Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен оның аумақтық департаменттері мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің заңнамаға сай, сапалы әрі қолжетімді көрсетілуін тұрақты бақылауда ұстап келеді.
Көрсетілген қызметтер көлемі
Бүгінгі таңда елімізде 1323 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі, оның 400-ге жуығы облыстық деңгейде жүзеге асырылады. Түркістан облысында мемлекеттік органдар тарапынан 364 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі (жергілікті атқарушы органдар – 166, орталық мемлекеттік органдар – 198).

2025 жылы облыс бойынша барлығы 26 млн-нан аса мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 98%-ы электронды форматта ұсынылған. Бұл өз кезегінде өңірде цифрландыру деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.
Қазіргі таңда облыста тұрғындарға қызмет көрсету үшін
19 Халыққа қызмет көрсету бөлімдері, 4 сектор, 2 мамандандырылған ХҚКБ және 2 сектор тұрақты түрде жұмыс істеуде.
Бақылау және анықталған бұзушылықтар
2025 жылы Департаментпен мемлекеттік қызмет көрсету заңнамасының сақталуына қатысты 135 бақылау іс-шарасы жүргізілді. Оның ішінде профилактикалық бақылаулар, арыздар бойынша жоспардан тыс тексерулер және уәкілетті орган тапсырмалары бар.
Ең жиі анықталған бұзушылықтар қызмет көрсету тәртібін сақтамау, жұмыс мерзімін бұзу, қызмет көрсету мерзімін сақтамау бойынша орын алған.
Бұзушылықтардың басым бөлігі жер қатынастары, жеке тұлғаларды тіркеу және ауыл шаруашылығы салаларында тіркелген.
Азаматтардың құқықтарын қорғау
2025 жылы Департаменттің қарауына 410 өтініш түсіп, оның нәтижесінде 198 азаматтың құқығы толық көлемде қалпына келтірілді. Өтініштердің басым бөлігі жер қатынастары, еңбек және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ сәулет-қала құрылысы салаларына қатысты болды.
Ашықтық пен түсіндіру жұмыстары
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында жыл бойы кешенді түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда:
• өңірлік «Turkistan TV» арнасында «Елге қызмет» арнайы бағдарламасының 25 шығарылымы эфирге шықты;
• мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен 259 семинар, 25 тікелей эфир, 11 интернет-конференция өткізілді;
• 66 қоғамдық кеңес отырысы және 124 қоғамдық бақылау ұйымдастырылды;
• 98 ақпараттық бейнеролик жарияланды.
Сонымен қатар, азаматтардың өтініштері мен пікірлеріне жедел әрекет ету мақсатында «EgovKZBot 2.0» Telegram-боты іске қосылып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты 113 өтінішке түсіндірме берілді.
Аталған жұмыстар мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға, заңбұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Бұл өз кезегінде халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Айта кету қажет, Департамент алдағы уақытта да мемлекеттік қызметтерді жетілдіру және азаматтарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратын болады.

Абылайхан Дағыстанұлы НАУРЫЗБАЕВ
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

Автор: admin