• 25 ноября, 2025 2:29 пп

МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ЖАҢА СЕРПІН

Автор:admin

Ноя 25, 2025

Елімізде кәсіпкерлік саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның ішінде ауылдық жерлерде жаңа бизнес-идеяларды қолдау, ауыл шаруашылығын жандандыру және халықтың табысын арттыру бағытында жүзеге асқан Мемлекеттік гранттар бағдарламасының нәтижесі айтарлықтай жеміс беруде. Бұл қолдау көптеген азаматқа өз кәсібін бастауға мүмкіндік әперіп, ауыл экономикасының дамуына тың серпін қосып отыр.

Соның айқын мысалдарының бірі – Ордабасы ауданының Бөржар ауылдық округіне қарасты Ықыластемір ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Мақсат Өмірзақов. Ол кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында Мемлекеттік грантқа қатысып, комиссия шешімімен қаржылай қолдауға ие болған. Бұл оның өз арманын жүзеге асыруына зор мүмкіндік сыйлап, ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жоспарына жаңа тыныс ашты.

Мақсат Өмірзақов грант қаражатына жылыжай салып, онда қарбыз, қызанақ және қиярдың сапалы көшеттерін өсіруді жолға қойған. Бүгінде жылыжай ішіндегі жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, әрбір көшет ерекше күтіммен бапталуда. Жас кәсіпкердің айтуынша, қазіргі таңда ауыл шаруашылығына тиімді технологиялар енгізу арқылы табысты кәсібін қалыптастыруға жол ашық. Ал Мемлекеттік грант — сол жолдағы алғашқы әрі маңызды баспалдақ.

Жылыжай іске қосылғаннан кейін ауыл тұрғындары үшін де тиімділіктер пайда бола бастады. Біріншіден, жергілікті нарыққа ерте пісетін өнімдер ұсынылады. Екіншіден, кәсібін енді бастаған жас кәсіпкерлер үшін Мақсаттың бастамасы – үлкен үлгі. Оның тынымсыз еңбегі, нақты жоспары және мемлекеттік қолдауды ұтымды пайдалануы – ауыл тұрғындарына өз ісін бастауға деген сенім ұялатады.

Мақсат Өмірзақовтың бұл қадамы — жеке кәсіптің дамуы ғана емес, ауылдағы экономикалық белсенділіктің артуына ықпал ететін игі бастама. Табысты кәсіпкерлік ауылды көркейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік гранттың тиімді іске асуы — ауыл шаруашылығына серпін беріп, өңірдің әлеуетін көтеруге жасалған нақты қадам екені сөзсіз.

Ең бастысы, ауылдық жерден үлкен істі бастауға болатынын дәлелдеген Мақсат секілді еңбекқор азаматтар – ауыл экономикасының тірегі. Бұл — мемлекет қолдауы мен азамат белсенділігінің нәтижелі үйлесімінің көрінісі.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin