• 24 ноября, 2025 7:41 дп

Медиабизнесті тұрақтандырудың жаңа моделі келді

Автор:admin

Ноя 18, 2025

Ақпараттық дәуірде медианың қаржылық тұрақтылығы бұрынғыдан да өзекті мәселеге айналды. Өзбекстандық «Халық сөзі» газетінің сарапшысы Нұрлан Усмановтың айтуынша, қазіргі медианарықта бір ғана табыс көзіне сүйену тәуекелге толы, ал кірісті әртараптандыру медианың ұзақмерзімді экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі қадамға айналды. Бұл туралы ол Алматыда өткен «Түркі әлемінің медиа кеңістігі: жаңа дәуірдегі міндеттер мен мүмкіндіктер» VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумында айтты.

Спикердің айтуынша, соңғы он жылдықта медиа саласы түбегейлі өзгеріп, дәстүрлі қаржыландыру механизмдері жеткіліксіз бола бастаған. Осы себепті жазылым жүйесі, донаттар, жарнама және гранттық жобалар медианың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін төрт негізгі бағыт ретінде қарастырылып отыр.
Нұрлан Усманов Өзбекстан медиасындағы өзгерістерді мысалға келтіре отырып, «Халқ сузи» мен «Народное слово» басылымдарының жаңа бизнес модельдерді кезең-кезеңімен енгізіп жатқанын атап өтті.
«Ресми басылым болғандықтан, жазылым әлі де қағаз нұсқа арқылы жүзеге асып отыр. Дегенмен, болашақта сайт, мобильді қосымша және Telegram-арна арқылы онлайн жазылымды іске қосу жоспарланған», деді өзбекстандық сарапшы. Бұл қадам оқырман санын көбейтіп қана қоймай, редакцияға тұрақты әрі болжамды табыс әкелмек.
Оның пікірінше, медианың тек жарнамаға тәуелді болуы ұзақмерзімді стратегия емес.
«Оқырман қолдауы мәдениетін қалыптастыру редакция мен аудитория арасындағы сенімді күшейтеді. Біздің редакциялар бизнес құрылымдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жобаларды жүзеге асырып жүр. Бұл тек кіріс көзі емес, журналистиканың қоғамдық рөлін арттыратын құрал», деді Усманов.
Бүгінде көптеген медиа сайттарда және әлеуметтік желілерінде «Газетке үлес қос» сияқты арнайы бөлімдер орналастырылып, оқырмандардан шағын, бірақ тұрақты қаржылай қолдау жиналады. Дегенмен Өзбекстандағы екі ресми басылымда бұл тәжірибе әзірге енгізілмеген.

Өзбекстанда жарнама нарығы әлі де қалыптасу кезеңінде болса да, брендтік контент, әлеуметтік серіктестік жобалары және тақырыптық қосымшаларға сұраныс артып келеді. Сарапшылар мұны медианың нарықтық дағдыларды дамыту жолындағы оң өзгерістердің бірі деп бағалайды.

Автор: admin