• 24 апреля, 2024 9:17 пп

Латын әліпбиінің – қоғамдық санаға әсері қандай болмақ?

Автор:admin

Ноя 10, 2022

«Қоғамдық сана жаңғырудың  негізгі  қағидаларын  қалыптастыруды  ғана  емес,  сонымен  бірге,  біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Латын әліпбиіне көшу мәселесінің айтылып келе жатқанына  біраз уақыт болғанын көпшілік жақсы біледі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тілшілері  К.Хұсайын,  Ә.Жүнісбек  осы  мәселені  қозғап,  орыс  жазуына  негізделген қазақ жазуының әліпбиінен латын әліпбиіне көшу туралы жазған еді. Сол кезде кей ғалымдар көне түрік жазуын қолдаса, кейбіреулері араб графикасына негізделген қазақ  жазуын қолдаған болатын. Кейінгі тарихқа көз салсақ, латыннан бұрын қазақ тілінің  таңбалық жүйесін жасауды шетелдік ғалымдар кириллицадан бастағаны белгілі. Зертеуші  ғалым  Қ.Күдеринова  «Қазақ  жазуының  теориялық  негіздері»  атты зерттеуінде қазіргі кириллицаға негізделген әліпбидің жобалары 19-ғасырдың соңына қарай  жасала  бастағанын  айта  келіп:  «Орыс  графикасына  негізделген  ең  алғашқы  қазақ  әліпбиі  жобасын  Н.И.Ильминский  жасады  деген  пікір  айтады.  Сондай-ақ, Н.И. Ильминский әліпбиіндегі қазақ тілінің өзіне тән дыбыс дауыстылардың таңбалары  мынадай болды: (үстіне ноқат салды – Ғ.Қ.Хасанов) а – (ә), о – (ө), у – (ү), і – (і), ы – (ы), н – (ң), к – (қ), г – (ғ). Сөйтіп, зерттеуші он шақты қосымша белгі алғанымен, орыс  әліпбиіндегі е, в, и, ф, ц, х, ч, щ, ъ, ь, э, ю, я таңбаларын (қазақ тілі дыбыстық құрамына  тән емес дыбыс таңбаларын қолданбады».  Әліпби өзгерген сайын орфографиялық нормалар да өзгереді, ал орфоэпиялық нормалар өзгеріске түсе бермейді. Алайда әріпке сүйене сөйлеу етек алған кезде тілдің басты өзегі болатын орфоэпиялық нормаларға да қауіп төнетінін бүгінгі күннің өзгерісі көрсетіп отыр. Ал мың жылға жуық араб жазуында болған қазақ тілінің орфоэпиялық  нормалары да соған байланысты өзгеріске ұшырағаны анық. Алайда бұл өзгеріс араб парсы сөздерін сол тілдердің айту нормаларына байланысты дыбыстаудан туған болу керек. Зерттеуші  ғалымдар  Б.Әбілқасымов,  Ш.  Мәжітаевалардың  еңбектерінде:  «араб  әліпбиі қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дәл бере алады; араб әліпбиі оқуға, жазуға, сауат ашуға қолайлы; өнер құралдарына орнатуға қолайлы; көзге көркем көрінеді; араб әрпімен жазғанда қол сағат тілінің бағытымен бірдей оңнан солға қарай жүреді; жазу машинасына,  баспа  машиналарына  орнатуға  араб  әліпбиінің  жаңасы  латындікінен анағұрлым артық» -деп көрсетеді. Ал керісінші латын әліпбиін қолдаушы ғалымдар «араб әрпі сауат ашуға, оқуға, жазуға қиын, себебі: бір әріптің 4 түрі бар; араб әрпінің  көбі бір түсті; жазу оңнан солға қарай, ал цифрлар солдан оңға қарай жазылады. Бұл жазуда да, баспа жұмысында да қиыншылық тудырады; ғылыми кітаптарда (алгебра,  геометрия, физика т.б.) пән белгілері латын әрпімен жазылдаы, араб әрпі бұған жарамайды; араб әрпі нотаны жазуға жарамайды; араб әрпі баспахана жұмысында көп қиыншылық туғызады: теру, басу, жөнінде қымбатқа түседі» деген пікір айтады. А.Байтұрсынов  та  араб  жазуына  негізделген  әліпбиді  ұсынғанда  фонетикалық  ұстанымды  мақұл  көрді.  Ол:  «Хасыл  кәләм  ойым:  сөз  жазылу  керек  айтылатұғын түрінше,  яғни  сөз  ішінде  қай  дыбыс  естілсе,  сол  дыбыстың  әрпін  жазу,  естілген дыбыстың әріпі жазылмай басқа әріп жазу керек болса, не үшін ол керекті ғылым жолыменен ыспат етілсін», – дейді. Ол өзінің 24 әріптен тұратын әліпбиін  осы ұстаным бойынша түзеген болатын.

Jsk ақпарат

Автор: admin