Кентау қаласының көркеюі мен тазалығын қамтамасыз етіп отырған «Жасыл қала» коммуналдық мемлекеттік мекемесі – өңірдің абаттандыру саласындағы негізгі тіректердің бірі саналады. Бұл мекеме қаладағы саябақтар мен аллеяларды жөндеу, гүлзарлар мен скверлерді күтіп ұстау, көше бойын көгалдандыру, жарықтандыру және суару жұмыстарын жүйелі түрде атқарып келеді. Кентаудың тазалығы мен сәнін сақтап, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруда мекеме қызметкерлерінің еңбегі зор. Әсіресе маусымдық жұмыстар кезінде олардың тынымсыз еңбегі айқын көрінеді: көктемде көшет егу, жазда гүлзарларды суару мен қырқу, күзде ағаш отырғызу мен топырақты дайындау, қыста жасыл желекті қорғау жұмыстары үздіксіз жалғасады.
Осы жауапты салада 20 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі агроном Ғафуржан Юлдашев – мекеменің білікті де алдыңғы қатарлы мамандарының бірі. Ол агрономия саласындағы терең білімі мен жылдар бойы жинаған тәжірибесін қаланың жасыл келбетін сақтауға жұмсап келеді. Ғафуржан Пазылұлы үшін әрбір отырғызылған ағаш, әрбір гүл шоғы – жай ғана өсімдік емес, қаланың тынысын ашатын, тұрғындарға қуаныш сыйлайтын тірі табиғаттың бір бөлшегі. Ол өсімдіктердің түр-түрін зерттеп, әрқайсысының топыраққа, жарыққа, суға бейімділігін ескере отырып отырғызады.
Тәжірибелі маманның айтуынша, Кентаудың климатына төзімді ағаштар мен гүлдерді таңдау – ең жауапты істердің бірі. Себебі дұрыс таңдалмаған көшет өсіп шықпайды немесе бірнеше жыл ішінде қурап қалуы мүмкін. Сондықтан ол әр маусым сайын топырақ сапасын тексереді. Содан соң жаңа тұқымдарды сынақтан өткізіп, тиімді тәсілдер енгізіп отырады. Әсіресе күз мезгілінде оның жұмысы екі есеге артады: көшет отырғызу, көшеттерге арналған топырақты дайындау, тыңайтқыш енгізу, суару кестесін реттеу сынды жұмыстар қарқынды жүргізіледі. Бұл кезең – қаланың келер көктемдегі жасыл желегінің жайқалып өсуіне әсер ететін өте маңызды уақыт.
Ғафуржан Пазылұлы – тек өз ісінің шебері ғана емес, сонымен қатар мекемедегі қызметкерлерге қажет кезде кеңес беріп, жұмыс барысына байланысты бар білгенін ортаға салып отырады. Анығын айтқанда, өсімдіктерді күтіп-баптау, жаңа әдістерді пайдалану, зиянкестерге қарсы күрес сияқты салалардағы тәжірибесін бөліседі. Оның кеңестері мен ұсыныстары мекеменің жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға көмектесіп келеді. Жыл сайын жүздеген жас көшетті дұрыс отырғызу мен күтіп-ұстау жөніндегі оның әдістері қаланың жасыл қорын еселеуге айтарлықтай үлес қосуда.
Еңбекте тиянақты, қызметте жауапты бұл жан отбасында да өнегелі әке. Төрт перзент тәрбиелеп, немере сүйіп отырған Ғафуржан Пазылұлы – отбасының ұйытқысы. Үйінде де, қызметінде де қарапайымдылық пен еңбекқорлықты бірінші орынға қояды. Оның жақындары әкенің әрбір еңбегінің артында үлкен сабыр мен табандылық жатқанын жақсы біледі.
Кентаудың бүгінде көз сүйсіндірер көркейген келбеті – осындай еңбек адамдарының төккен маңдай тері мен еткен еңбегінің нақты нәтижесі. Қаланың әрбір жаңа отырғызылған тал-ағаштары, әрбір гүлдеп тұрған гүлзары, әсем кейіпке енген көшелері – олардың күнделікті адал еңбегінің белгісі. Жұртшылықтың демалып, серуендеп жүретін сәнді саябақтары мен көк желекке көмкерілген алаңдары – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған үлкен жұмыс. Өз ісіне шынайы берілген, қаланың игілігі үшін аянбай қызмет ететін жандар барда Кентау әрдайым көркейіп, жасыл желекке толған әсем шаһар күйінде қала беретіні анық.
Осындай еңбек адамдарының үлгісі – жастар үшін тағылым, қала үшін мақтаныш, қоғам үшін еңбекке деген құрмет қалыптастыратын игі дәстүр. Сондықтан Ғафуржан Юлдашев сияқты еңбекқор мамандардың еңбегі ешқашан елеусіз қалмайды, керісінше, олардың қалтқысыз қызметі қаладағы әрбір көгалданған аумақтан айқын аңғарылып тұрады.
Jsk ақпараттық агенттігі
