• 14 декабря, 2025 10:53 пп

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮЙЕСІ БАҚЫЛАУДА – ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

Автор:admin

Ноя 22, 2025

Ордабасы ауданында әлеуметтік нысандарды жаңғырту, инфрақұрылымдық жобаларды сапалы жүзеге асыру – басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта аудан әкімі Азат Оралбаев аудан орталығындағы бірқатар құрылыс алаңдарын, әлеуметтік аймақтарды және инженерлік инфрақұрылым нысандарын аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

Алдымен аудан басшысы орталықтандырылған кәріз жүйесінің құрылысы жүріп жатқан аумаққа барып, жобаның орындалу барысын мұқият бақылаудан өткізді. Бұл жоба – аудан үшін стратегиялық маңызға ие, себебі тұрмыстық қалдық суларды жүйелі бағытта тазарту мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – экологиялық ахуалдың жақсаруына және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне тікелей ықпал етеді. Әкім мердігер мекеме өкілдерінен жұмыс кестесі, инженерлік желілердің сапасы мен құрылыс материалдарының стандарттарға сәйкестігі туралы толық ақпарат алды.

Бұдан кейін жұмыс сапары Найман арық каналын аралаумен жалғасты. Аталған канал – аудан орталығындағы су айналымын қамтамасыз ететін маңызды нысандардың бірі. Каналдың су өткізу қабілеті, тазалық деңгейі және жағалау инфрақұрылымын жақсарту мәселелері талқыланды. Әкім тиісті мамандарға арнаны тәртіпке келтіру, жағалауды нығайту және халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар аудан әкімі балалар ойын алаңшаларының жай-күйімен танысты. Тұрғындар үшін қауіпсіз әрі сапалы ойын алаңдарын қалыптастыру – аудан әкімдігінің ерекше бақылауындағы бағыт. Жабдықтардың бүтіндігі, ойын алаңдарының резеңке төсемдері, жарықтандыру деңгейі мен аумақтың тазалығы егжей-тегжейлі тексерілді.

Жұмыс сапары аясында Азат Оралбаев көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы, абаттандыру, санитарлық тазалық және көгалдандыру жұмыстарының барысын да назардан тыс қалдырмады. Қазіргі уақытта аудан орталығында тұрғын үй құрылысы қарқын алып, жаңа шағынаудандар бой көтеруде. Әкім жұмыстардың сапасын өз көзімен көріп, мердігер компаниялармен кездесіп, құрылыс барысындағы негізгі міндеттерді нақтылады.

Сапар соңында аудан басшысы барлық сала жетекшілері мен мердігер ұйымдарға жұмыстарды белгіленген мерзімде, сапалы әрі жауапкершілікпен орындау бойынша тапсырмалар берді. Ол инфрақұрылымдық жобалар – тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыт екенін атап өтіп, әрбір істің уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

Ордабасы ауданында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар – жайлы, қауіпсіз және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралар. Тұрғындар игілігі үшін қолға алынған әр жоба алдағы уақытта да тұрақты түрде бақылауда болады.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin