• 10 марта, 2026 4:07 пп

Индустрия және тамақтану колледжінде жаңа Конституция жобасы талқыланды

Автор:admin

Мар 10, 2026

 

Алдағы республикалық референдум қарсаңында елдің болашағын айқындайтын маңызды саяси науқанға байланысты білім беру ұйымдарының ұжымдарында кездесу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл үдерісте педагогтардың рөлі ерекше, өйткені олар жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруда маңызды орын алады.
Осы орайда Шымкент қаласындағы Индустрия және тамақтану колледжінде жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған кездесу өтті. Іс-шара барысында колледждің педагогикалық ұжымы алдында заңгер-сарапшы Ердәулет Тастамбек сөз сөйледі.
Кездесу барысында спикер жаңа Конституция жобасына енгізілген өзгерістердің маңыздылығына тоқталып, әсіресе экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған нормалардың өзектілігін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция жастардың тұрақты әрі құқықтық мемлекетте білім алып, өмір сүріп, еңбек етуіне мүмкіндік береді.
«Жаңа Конституция жобасында экологиялық жағдайға қатысты маңызды өзгерістердің қарастырылғаны қуантады. Бүгінде баршаға ортақ мақсат – жастарымыздың білім алып, өмір сүріп, еңбек етуі үшін зайырлы, тұрақты және құқықтары қорғалған мемлекет қалыптастыру. Тұрақтылық – қазіргі таңда аса маңызды құндылық. Өйткені біз елдің болашағымен жұмыс істеп отырмыз, ал еліміздің ертеңі – жастардың қолында», – деді Ердәулет Тастамбек.
Сондай-ақ ол адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, білім алу құқығы, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері, билік тармақтарының өзара іс-қимылы және заң үстемдігін қамтамасыз етуге қатысты негізгі нормалар туралы кеңінен түсіндірді. Бұдан бөлек, білім беру инфрақұрылымын дамыту және педагогтардың құқықтық әрі әлеуметтік мәртебесін нығайтуға бағытталған ережелерге ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында Құрылтайдың мемлекеттік билік жүйесіндегі қызмет қағидаттары мен өкілеттіктері туралы да сөз қозғалды. Ердәулет Тастамбек Конституция жобасының 56-бабына тоқталып, онда Құрылтайдың заң шығару қызметі, мемлекеттік институттарды қалыптастыруға қатысуы және парламенттік бақылау функциялары айқындалғанын атап өтті.
«Жаңа Конституцияда Құрылтайдың негізгі өкілеттіктері бекітілген. Олар 56-бапта нақты көрсетілген және заң шығару қызметін жүзеге асыруды, мемлекеттік институттарды қалыптастыруға қатысуды, сондай-ақ парламенттік бақылауды қамтиды», – деп түсіндірді заңгер.
Іс-шара ашық диалог форматында өтті. Кездесу барысында колледж педагогтары мен жоғары курс студенттері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, маманнан жан-жақты жауап алды. Жиын қортыныдысы бойынша қатысушылар жаңа Конституцияға қолдау білдірді.

Автор: admin