• Пт. Окт 23rd, 2026

ЖӘНІБЕКОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ 91 СТУДЕНТІ ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ГРАНТЫНА ИЕ БОЛДЫ

Автор:jsk.kz

Сен 1, 2026

Шымкентте Білім күніне орай Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттеріне қала әкімінің білім гранттары табысталды. Салтанатты шара «Қызғалдақ сарайында» өтті. Еліміздің рухани астанасы саналатын Шымкент қаласындағы іргелі білім ордаларының бірі – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті (ОҚПУ). Бұл университет – ұлт ұстазын тәрбиелеп шығаратын, педагог кадрларды даярлауда үлкен тарихы мен қалыптасқан дәстүрі бар беделді жоғары оқу орындарының қатарында. Оқу орнының іргетасы өткен ғасырдың ортасында қаланып, содан бері талай буын ұстаздар мен зиялы қауым өкілдерін түлеп ұшырды. Университетке көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ мәдениетінің, тарихының жоғын жоқтап, ұлттық мұрамызды қайта жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібековтің есімі берілді. Бұл есім университеттің ұстанымы мен бағытын айқындап түр: мұнда білім берумен қатар, студенттердің бойына ұлттық рух, отансүйгіштік пен жанашырлық қасиеттер қалыптастырылады. Бүгінгі таңда университет заманауи талаптарға сай мамандар даярлайтын ірі ғылыми-педагогикалық орталыққа айналды. Мұнда гуманитарлық, жаратылыстану, педагогика және өнер бағыттары бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары жүзеге асырылады. Оқу үдерісінде жаңа инновациялық технологиялар, цифрлық платформалар кеңінен қолданылады. Болашақ мұғалімдердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруы үшін заманауи жабдықталған оқу зертханалары, лингвистикалық кабинеттер мен коворкинг орталықтары жұмыс істейді. Биыл университетке білім беру бағдарламаларының барлық деңгейі бойынша 3 020 талапкер қабылданды. Оның ішінде бакалавриатқа түскен 2 439 жастың 529-ы мемлекеттік грантқа, 91-і Шымкент қаласы әкімінің грантына ие болды. Қала әкімінің гранты – жастардың сапалы білім алуына және болашақ мамандығын игеруіне көрсетіліп отырған нақты қолдаудың бірі. Әсіресе педагогикалық бағыттағы мамандарды даярлау – білім саласының тұрақты дамуы үшін маңызды. «Қызғалдақ сарайында» өткен салтанатты жиында Шымкент қаласының жастар саясаты басқармасының басшысы Ә. Әбдәкімов студенттерді Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Жиын барысында жастарға университет қабырғасында сапалы білім алумен қатар, ғылыммен айналысуға, қоғамдық жұмыстарға, волонтерлікке, спорт пен шығармашылыққа белсенді араласуға шақыру айтылды. Қазіргі заманда кәсіби біліммен қатар, шет тілдерін және цифрлық технологияларды меңгеру, еңбекқорлық пен жауапкершілікті қалыптастыру маңызды. Студенттік кезең – білім мен тәжірибе жинақтап, жеке тұлға ретінде қалыптасуға мол мүмкіндік беретін уақыт. Шымкент – жастардың білім алып, кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлінетін қала. Осы бағытта жастарға сапалы білім алуға мүмкіндік жасау және олардың әлеуетін дамытуға қолдау көрсету – қала әкімдігінің басым бағыттарының бірі. Биыл қала әкімінің грантына ие болған 91 жас үшін бұл – үлкен мүмкіндік әрі жауапкершілік. Жастардың алдағы уақытта таңдаған мамандығын терең меңгеріп, алған білімін ел игілігіне жұмсауы маңызды.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: jsk.kz