• 27 ноября, 2025 5:21 дп

Жұмысшы мамандықтар жылы жастарға мол мүмкіндіктер береді

Автор:admin

Ноя 26, 2025

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына байланысты еліміздің барлық аймақтарында түрлі түсіндіру жұмыстары, кәсіптік бағдар беру кездесулері мен ақпараттық шаралар қолға алынып жатыр. Осы бағыттағы ауқымды жұмыстар аясында Кентау қаласы Ә.Молдағұлова атындағы №19 ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінде 9-сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды. Жиында кәсіби бағдар беруші педагог А. Кенбай оқушылармен кездесіп, жұмысшы мамандықтарының қоғам үшін маңызын жан-жақты түсіндірді.

Кездесудің негізгі көздеген мақсаты – жастарға еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы кең көлемді ақпарат беру, олардың болашаққа деген дұрыс бағыт-бағдарын қалыптастыру. Педагог оқушыларға бүгінгі таңда жұмысшы мамандықтарына деген қажеттілік артып келе жатқанын, бұл саланың тұрақты табыс, кәсіби өсу және қоғамға пайдалы болу үшін үлкен мүмкіндік беретінін айрықша атап өтті.

Сондай-ақ А.Кенбай жұмысшы мамандықтарының тек қара күшті талап етпейтінін, керісінше заманауи техника, жаңа технология, автоматтандыру және инновациялық өндіріс салаларымен тығыз байланысты екенін нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Қазіргі таңда дәнекерлеуші, электрик, механик, құрылысшы, слесарь, технолог сияқты мамандардың еліміздің өнеркәсібі мен инфрақұрылымында маңызды орын алатыны жайлы кеңінен айтылды. Мамандық таңдаудың жауапкершілікке толы қадам екенін тілге тиек ете  отырып, педагог әр оқушының жеке қабілеті мен қызығушылығын ескерудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Басқосу барысында оқушыларға еңбек адамының беделі, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлі, олардың болашақтағы сұранысы мен артықшылықтары жөнінде бейнематериалдар көрсетіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқу мүмкіндіктері, грант түрлері, дуальды білім беру жүйесінің артықшылықтары, шеберханалар мен өндірістік тәжірибе сабақтары туралы ақпараттар ұсынылды.

Шара шеңберінде «Мен таңдаған мамандық» тақырыбында арнайы сауалнама жүргізіліп, оқушылардың қызығушылығы мен болашаққа деген ой-мақсаттары анықталды. Сауалнама нәтижелері олардың техникалық бағыттарға, ақпараттық технологияларға, техникалық қызмет көрсету мен өндірістік мамандықтарға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті. Бұл – жұмысшы мамандықтарының беделі артып келе жатқанын білдіретін оң көрсеткіштердің бірі.

Кездесу соңында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандық таңдауға қатысты пайдалы кеңестер алды. Мұндай шаралар жастардың болашақ жолын дұрыс айқындап, еңбек нарығында өз орнын табуына үлкен жол ашады.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin