• 20 мая, 2024 12:25 пп

Жол құрылысы саласы негізгі мәселе 

Автор:admin

Сен 2, 2023

Шымкентте жолдың құрылысы жергілікті әкімдік тарапынан әрдайым жіті бақылауға алынған. Мысалы үшін жолға пайдаланып жатқан материалдар құрамының нормаға сәйкестігі, асфальтқа пайдаланатын қоспалар, битум мөлшері, солардың сәйкестігін әкімдік қадағалап отырады. Одан кейін әр материалдың қыстың күнгі суыққа төзімділігін, суға қанықтырылуы да сынақтан өтеді. Жалпы айтқанда қараша айында тексеру, бақылау бойынша толық қорытынды нәтижелер айтылады. Жол сапасын арттыру бағытында жұмыс жанданды деп айтуға болады. Жол құрылысы саласында кадрлар даярлау мәселесі әлі де өзекті. Білім басқармасымен бірлесіп, болашақ жол құрылысы мамандарын даярлау мақсатында 2020 жылдан бастап кәсіби бағдар беру жұмыстарын тұрақты атқарылып келеді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Жол-көлік колледжінің студенттеріне, болашақ жол мамандарына бағыт-бағдар беру мақсатында меморандум түзілген. Сонымен қатар, болашақ жол-құрылысы мамандарын даярлау мақсатында мектептерде кәсіби бағдар беру жұмыстары ұдайы жүргізілуде. Шымкент қаласындағы барлық мектептердің жоғары сыныптарына түсіндіру, бағдар беру жұмыстары жүзеге асырылды. Біздің мамандар университет, колледждерге барып шәкірттерге дәріс оқыды. Бірқатар жас мамандар біздің мекемеде өндірістік тәжірибеден өтті. Соның 2-3-і қазір бізге жұмысқа орналасты. Республикада ең жаңа жабдықтар, ең жаңа заманауи зертхана бізде деп айтсақ болады. Тексеру құрылғылары былтыр алынды. Кейбір құрылғыларды дер кезінде ауыстырып отырамыз. Керекті құрал-жабдықтар бізде толығымен бар. Цифрландыру бойынша да бірқатар жұмыстар қолға алынды. Инженерлер жолға тексеріске шыққан кезде оның қорытындысын жолдың басында жазып, базаға енгізеді. Оны тиісті мекемелер көріп отыратындықтан, оған ешқандай өзгеріс енгізе алмайсыз. Сонымен бірге, қазір зертханада бейнебақылау камерасынан бөлек, материалдың бәрі бірден базаға түсетін жағдай жасалды. Оны да ешкім өзгерте алмайды. Одан кейін жол белгілерінің жарық қайтарғышын анықтайтын құрал алынған. Жол белгілерін дайындаушылар да қазір бізге тексертіп алатын болды. Жол белгілерінің жарқырап тұрғаны жалпы жол-көлік оқиғасының шығынын азайтады. Соңғы 4 жылда біздің мамандар 1159 рет тексеріске шықты. Жаңадан салынған немесе күрделі және орта жөндеуден өткен 714 нысан құрылысы қадағаланып, 4480 сынама алынған. Нәтижесінде 2587 ақау мен кемшілік анықталды. 2018 жылы Шымкент үшінші мегаполис болған кезде жақсы, қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 50 пайызға жетпейтін. Ал енді биыл мұндай жолдардың үлесі 72 пайызға жетпек. Соңғы жылдары қала жолдарының сапасы жақсарып келеді. Бұл қала әкімдігі, басқарма, біздің мекеменің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деп айтар едік.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin