• 24 апреля, 2024 11:59 пп

Жеке тұлғаның соттан тыс банкроттығы: нені білу қажет?

Автор:admin

Мар 15, 2023

“Қазақстан Республикасының азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы” ҚР Заңы 2023 жылдың 3 наурызында күшіне енгені белгілі. Аталмыш заң бойынша қазақстандықтар банкроттықтың үш түрін қолдана алады: соттан тыс банкроттық, сотпен банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Соттан тыс банкроттық рәсімі бойынша борышкер арыз беруі үшін оның екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының алдындағы қарызы 1600 АЕК аспауы тиіс. Сонымен қатар, мынадай талаптар ескерілуі тиіс: ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, меншік құқығында мүліктің болмауы, өтінім берген сәтке дейінгі соңғы он екі ай ішінде қарыздар бойынша төлем жасалмауы, соңғы жеті жылда соттан тыс банкроттық рәсімі жүргізілмеуі және борышкерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктік қарыз шарты және  микрокредит беру туралы шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу және өндіріп алу жөніндегі рәсімдердің жүргізілуі.

Соттан тыс банкроттыққа қарыз бойынша 5 жылдан астам уақыт бойы төлем жүргізбеген азаматтар да арыз бере алады, оларға жоғарыда көрсетілген талаптар қолданылмайды.

Бір ескерте кететін жағдай, алты ай бойы атаулы әлеуметтік көмек алған адамға соңғы он екі ай ішінде төлем жасалмауы қажет деген талап қолданылмайды.

“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы арқылы тиісті құжаттар (арыз, қарыз сомасы көрсетілген кредиторлар тізімі, орындалмаған міндеттемелерді реттеу және өндіріп алу жөніндегі рәсімдердің жүргізілгенін дәлелдейтін құжат көшірмесі) жіберілгеннен кейін он бес жұмыс күні ішінде бас тарту туралы хабарлама келеді немесе бас тартпаған жағдайда 6 ай ішінде банкроттық рәсімі жүргізіледі.

Банкроттық нәтижесінде жеке тұлғаға “банкрот” мәртебесі беріледі.

Соттан тыс банкроттыққа құжат тапсырарда көптеген азаматтарда “орындалмаған міндеттемелерді реттеу және өндіріп алу жөніндегі рәсімдері” туралы сұрақтар туындауда.

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі» заңына сәйкес несиені төлеу мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарыз алушы – жеке тұлға банкке немесе микроқаржы ұйымына  өзінің банктік қарыз шартының талаптарына өзгеріс енгізу туралы жазбаша өтініш беруге құқылы.

Борышкердің өтініші міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге және қаралуға жатады. Өтініште міндетті түрде қарызды төлей алмау себептері көрсетіле отырып, осы жағдайды дәлелдейтін құжаттар қоса тіркелуі тиіс. Яғни, өзінің қаржылық немесе әлеуметтік қиындыққа тап болғанын борышкер өзі дәлелдеуі, дәлел құжаттарды ұсынуы керек. Осындай дәлел құжаттарды ұсынбау арызды қараусыз қалдыруға себеп болуы мүмкін.

Борышкер барлық құжаттарды түгел тапсырған жағдайда кредитор арызды қарастырады. Ол сонымен қатар борышкердің төлем қабілеттілігі, әлеуметтік-материалдық жағдайы, кепілге қойылған тұрғын үйдің жалғыз екендігі, қарыз бойынша міндеттемелерін уақтылы орындауы сияқты факторларды да ескеруі тиіс. Нәтижесінде 15 күнтізбелік күн ішінде жауап беріледі. Банк немес микроқаржы ұйымы шартқа өзгеріс енгізу туралы борышкер ұсынған ұсыныстармен келісуі мүмкін немесе өз ұсыныстарын ұсынуы мүмкін  немесе дәлелді себептерін көрсете отырып, өтінішті қанағаттандырудан бас тартуы мүмкін.

Борышкердің немесе кредитордың қарызды қайта құрылымдау туралы ұсыныстары мынадай болуы мүмкін: банктік қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту;шет ел валютасымен берілген банктік қарыз бойынша негізгі борыштың қалдық сомасының валютасын ұлттық валютаға өзгерту;негізгі борыш және  сыйақы бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру; берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгертуге; банктік қарыз шартының қолданылу мерзімін өзгерту;мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) күшін жою.

Банктің немесе микроқаржы ұйымының арызда көрсетілген талаптардан бас тарту туралы жауабы немесе борышкердің арызына жауап бермеген жағдайда, арыз көшірмесі немесе арыздың электрондық форматта жіберілгені туралы растама осы рәсімнің жүргізілгенін растайтын құжаттар болып табылады.

Жеке тұлғаның өзін банкрот деп тануы — “жеті рет өлшеп, бір рет кесілетін” мәселе. Себебі, банкроттықтың жеке тұлға үшін салдары жоқ емес: банкрот болып танылғаннан кейін бес жыл ішінде несие немесе микронесие берілмейді, кепіл, кепілгер бола алмайды (ломбардтан басқа), үш жыл бойы қаржылық жағдайына мониторинг жасалады және қайтадан банкрот ретінде жеті жыл өткен соң таныла алады.

Айжан Кесебаева

Заңгер, “Әділдік жолы”

РҚБ Шымкент қаласындағы филиалының басшысы

Автор: admin