• 20.08.2026 18:17

Жаңарған мектеп – жаңа оқу жылына жаңа мүмкіндік

Автор:jsk.kz

Авг 20, 2026

 

Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкенттегі А. Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейінде ауқымды жаңғырту жұмыстары аяқталды. Білім ордасының ғимараты мен аумағы жаңартылып, оқушыларға қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасы қалыптастырылды.

1985 жылы ашылған мектеп 1994 жылы қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы лицей мәртебесін алған. Бүгінде білім ордасында 1800 оқушы білім алады.

Мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары 4 мамырда басталып, толық аяқталған. Жөндеу барысында ғимараттың ішкі және сыртқы бөлігі жаңартылып, оқу кабинеттері заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Сынып бөлмелері қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Мектеп директоры Айна Сарымсакованың айтуынша, жаңғырту жұмыстары оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға және білім алушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Білім беру кеңістігін цифрландыруға да ерекше көңіл бөлінген. Мектепте 28 интерактивті тақта орнатылып, мұғалімдердің сабақ барысында заманауи технологияларды кеңінен қолдануына мүмкіндік жасалды. Бұл оқу материалдарын көрнекі түрде ұсынуға және оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңғырту жұмыстары оқу кабинеттерімен шектелмей, мектеп дәліздері мен ішкі кеңістіктерін ретке келтіруді, ғимараттың сыртқы келбетін жаңартуды және ауласын абаттандыруды қамтыған. Сондай-ақ мектеп аумағындағы инфрақұрылым да ретке келтірілді.

Жаңартылған орта оқушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етіп, олардың сабақтан тыс уақытта уақытын тиімді өткізуіне және мектеп өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік береді.

Ендігі міндет – жаңарған материалдық-техникалық базаны білім сапасын арттыруға тиімді пайдалану. Заманауи құралдармен жабдықталған кабинеттер мұғалімдердің оқыту мүмкіндігін кеңейтіп, оқушылардың білім алуға деген ынтасын арттыруға ықпал етпек.

Автор: jsk.kz