Жасөспірімдердің құқықтық тәрбиесін қалыптастыру – олардың қоғамдағы мінез-құлқын реттейтін нормаларды түсініп, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауына жол ашатын маңызды үдеріс. Бүгінгі күнде мектеп жасындағы балалардың ақпараттық кеңістігі кеңейіп, түрлі әлеуметтік ортаға ерте араласуы құқықтық мәдениетті нығайтуды бұрынғыдан да өзекті етіп отыр. Сондықтан білім беру ұйымдарының алдында жасөспірімдерді құқықтық сауаттылыққа үйрету, оларды қоғамда өзін қауіпсіз әрі саналы ұстауға бағыттау маңызды міндеттердің біріне айналды. Осы мақсатта Кентау қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы мектепте құқық бұзушылықтың алдын алу, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіздік ережелерін түсіндіру бағытында жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге Кентау қалалық ІІБ-нің Криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы полиция майоры Н.Иноятов, полиция аға лейтенанты А.Жанабек, полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі А.Сарсенкулов, мектеп әкімшілігі және 9–11 сынып оқушылары қатысты.
Басқосу барысында күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты ІІБ қызметкері полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі А.Сарсенкулов сөз алып, оқушыларға құқықтық жауапкершілік, түнгі уақытта көшеде жүру, мектепке тыйым салынған заттарды әкелмеу, бұзақылық, ұрлық, әлімжеттік (буллинг) секілді өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз жүруіне қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жауапкершілік шаралары айтылды. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабына сәйкес түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында жасөспірімнің заңды өкілінсіз жүруіне жол берген ата-анаға 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатыны түсіндірілді. Сондай-ақ, 23.00–06.00 уақыт аралығында заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүргендерге ҚР ӘҚБтК-нің 443-бабына сәйкес ескерту жасалатыны, бір жыл ішінде бұл жағдай қайталанса – 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатыны ескертілді.
Шара соңында құқық қорғау өкілдеріне оқушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, нақты мысалдар негізінде толық түсініктемелер берілді. Бұл шара оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, өз әрекетінің салдарын түсінуге және жауапкершілік сезімін нығайтуға үлкен ықпал етті. Өйткені жасөспірімдер құқықтық қағидаларды білу арқылы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, қоғамда тәртіп пен тәрбиеге мән беру қажеттігін терең ұғынды. Мұндай профилактикалық шаралар кәмелетке толмағандардың құқықтық тәрбиесін күшейтіп, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған тиімді қадам саналары сөзсіз. Осылайша бүгінгі кездесу полицейлер мен жасөспірімдер арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, қауіпсіз орта қалыптастыруда бірлесе атқарылатын жұмыстың маңызын айқындады.
Jsk ақпараттық агенттігі
