• 16.04.2026 23:12

ЖАСЫЛ МЕКТЕП – ЖАС ҰРПАҚТЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САНАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН БІРЕГЕЙ ЖОБА

Автор:admin

Апр 16, 2026

 

Түркістан облысында «ECO Network» бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жасыл мектеп» жобасы экологиялық мәдениетті қалыптастыруда тиімді тетікке айналып отыр. Бүгінде жоба Созақ ауданындағы І.Кеңесбаев атындағы, Сүгір Әліұлы атындағы, Ж.Қаламбаев атындағы шағын жинақты, А.Сүлейменов атындағы және Абай атындағы жалпы білім беретін мектептерінде табысты іске асырылуда.

Жобаның негізгі мақсаты – білім алушылардың экологиялық сауаттылығын арттыру, табиғатқа деген жауапкершілік көзқарасын қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау дағдыларын күнделікті өмірге енгізу. Бұл бастама арқылы оқушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, экологиялық әрекеттерді тәжірибе жүзінде жүзеге асыруда.

Жоба аясында мектептерде қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізіліп, қайта өңдеуге бағытталған нақты жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте Созақ ауданындағы білім беру ұйымдары «KATKO» ұжымымен бірлесіп, ерекше бастама көтерді. Мектептерге арнайы контейнерлер орнатылып, оқушылар арасында экологиялық жарыс ұйымдастырылды. Қай мектеп қайта өңделетін қалдықтарды дұрыс әрі көп жинаса, сол мектеп үздік деп танылып, арнайы сыйлыққа ие болады. Бұл тәсіл оқушылардың қызығушылығын арттырып, олардың белсенділігін күшейтуде.

«Жасыл мектеп» жобасының білім алушылар үшін маңыздылығы айрықша. Ең алдымен, оқушылар қоршаған ортаны қорғаудың маңызын терең түсініп, табиғатқа жанашырлықпен қарауды үйренеді. Қалдықтарды сұрыптау, ресурстарды үнемдеу, қайта өңдеу секілді дағдылар олардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуда. Нәтижесінде, экологиялық мәдениет тек мектеп қабырғасында ғана емес, отбасында да қалыптасып келеді.

Сонымен қатар, жоба оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға да оң әсерін тигізуде. Қайта өңделетін материалдардан түрлі бұйымдар жасау арқылы балалар креативті ойлауға, еңбекқорлыққа және тиімді пайдалануға дағдылануда. Бұл – «қалдықсыз өмір салты» қағидатын қалыптастырудағы маңызды қадам.

Жоба аясында қоқысты дұрыс сұрыптау мәдениетіне де ерекше мән берілуде. Мәселен, тағам қалдықтарымен ластанған салфеткалар қағаз ретінде емес, органикалық қалдық ретінде қарастырылады. Ал ылғалды майлықтар мен жапсырмасы бар қағаздар қайта өңдеуге жатпайды. Осындай қарапайым ережелерді сақтау арқылы оқушылар экологиялық сауаттылығын арттыруда.

Аталған жоба «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жүзеге асырылып, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен және әлеуметтік серіктестердің қатысуымен табысты жүргізілуде. Бұл – білім беру саласында экологиялық тәрбие берудің жаңа үлгісі.

Қорытындылай келе, «Жасыл мектеп» жобасы – өскелең ұрпақты табиғатты қорғауға баулитын, олардың жауапкершілігін арттыратын және тұрақты даму қағидаттарын өмірлік ұстанымға айналдыратын маңызды бастама. Бүгінгі оқушы – ертеңгі қоғам мүшесі. Ал экологиялық санасы жоғары ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі.

Автор: admin