• 13 декабря, 2025 1:47 дп

ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА МҮМКІН

Автор:admin

Ноя 25, 2025

Бәйдібек ауданының Алғабас ауылдық округіне қарасты Шақпақ елді мекені соңғы жылдары аймақтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға бағытталған бірқатар жобалардың орындалуымен өзгеше бір серпінге ие болып келеді. Сол игі бастамалардың нақты жемісі болып саналатын жаңа спорт кешені  салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бұл күн ауыл тұрғындарының есінде ұзаққа қалатын қуанышты оқиғалардың бірі болды. Таңертеңнен бастап-ақ ауыл балалары мен жастар, ақсақалдар мен аналар жаңа нысанның алдына жиналып, осы сәтті асыға күткенін жасырмады. Ұзақ уақыт бойы арман болған спорт кешенін көру, ішін аралау, алғашқы қадамды бірге бастау  көпшілік үшін ерекше толқу сыйлады.

Бәйдібек ауданында өңірлерді дамыту бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Әлеуметтік сала, инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сияқты салалардағы жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып, ауылдық елді мекендердегі өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар жасалуда. Әсіресе жастарға арналған спорттық және мәдени нысандардың ашылуы олардың денсаулығы мен біліміне оң әсерін тигізеді.

 

Салтанатты жиында аудан әкімі Ерлан  Нұрмаханов сөз алып, елімізде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқанын айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауларында спорт саласына ерекше мән беріп, дені сау ұрпақ – мықты мемлекеттің кепілі екенін атап көрсететініне тоқталып өтті. Президенттің «жастардың спортқа қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту – ұлттық дамудың маңызды бөлігі» деген пікірі осы шараның мәнін одан сайын аша түскендей. Аудан басшысы дәл осындай бастамалардың ауылдық жерлерде жүзеге асуы өңірдің болашағына жасалған нақты қолдау екенін айта отырып, жиналған жұртты көптен күткен қуанышымен құттықтады. Оның айтуынша, бұл кешен тек спортпен шұғылданатын орын ғана емес, осы елді мекеннің қоғамдық өміріне жаңа серпін беретін үлкен орталыққа айналмақ.

 

Ашылу рәсіміне арнайы келіп қатысқан Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Алмас Нақыпбеков те ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықпен құттықтап, мұндай нысандардың ауыл жастары үшін мәні айрықша екенін атап өтті. Ол өңірде бұқаралық спорттың қарқынды дамып келе жатқанын, облыс бойынша жыл сайын жаңа спорт алаңдары мен орталықтардың пайдалануға беріліп жатқанын тілге тиек етті. Бұған қоса, «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің басшысы Асқар Кенехан және Бәйдібек аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Сылқымбек Спабеков сөз сөйлеп, ауылдың абыройын арттыратын, жастардың болашағына жол ашатын мұндай нысанның игілігі мол екенін жеткізді.

 

Жаңа спорт кешенінің құрылысы 2024 жылдың мамыр айында бастап, белгіленген мерзімде аяқталған. Мердігер мекеме «Real Story Invest» ЖШС нысанды заманауи стандарттарға толықтай сай етіп салып шықты. Кең әрі жарық спорт залы, түрлі жаттығу бөлмелері, киім ауыстыратын және санитарлық орындар, жарыс өткізуге лайықталған алаңдар  бәрі ауыл тұрғындарының сұранысын ескеріп жасақталған. Бұл кешен әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін таптырмас мүмкіндік. Бұрын спортпен кәсіби түрде айналысқысы келетін жастар аудан орталығына баруға мәжбүр болса, енді өз ауылында жаттығып, алғашқы жетістіктерге қол жеткізе алады.

 

Бәйдібек ауданында жалпы 238 спорт нысанының жұмыс істеп тұрғаны, дене шынықтыру саласының жүйелі жолға қойылғанын көрсетеді. Оның ішінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, су спорт кешені, теннис корты, спорт манеждері, бірнеше ондаған спорт залдары мен жүздеген спорт алаңдары бар. Спорт инфрақұрылымының осылайша кеңеюінің нәтижесінде аудан спортшылары биыл тоғызқұмалақ, волейбол және еркін күрес спорт түрлерінен облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп үлгерді. Бұл – аудан атынан шығатын жас спортшылар қатарының жыл санап көбейіп келе жатқанын көрсететін жағымды үрдіс.

 

Шақпақ елді мекеніндегі спорт кешені де алдағы уақытта дәл осындай жетістіктердің бастауы боларына тұрғындардың сенімі мол. Ауыл ақсақалдары мұндай игі істің жастарды теріс жолдан сақтап, пайдалы ортаға жұмылдыратынын айтып, алғыстарын білдірді. Балаларының болашағына алаңдайтын ата-аналар да қуанышты көңілдерін жасыра алмады. Олардың айтуынша, ауыл жастары үшін бос уақытын тиімді өткізуге арналған мүмкіндіктер бұрын-соңды мұншалықты кең болған емес.

 

Жастардың да қуанышы ерекше. Ауыл балалары спорт залдың есігі ашылған сәттен-ақ жаңа мүмкіндіктерге толы өмір басталғандай сезінді. Бірі күреске қатысуды армандаса, бірі футбол командасын құрғысы келеді, енді бірі жаттығу залына жазылуға дайын екенін айтып жүр. Осындай ортада тәрбиеленген ұрпақ дені сау, санасы сергек, елге қызмет ететін азамат болып өсетіні сөзсіз. Спорт жасөспірімдерге тек дене шынықтыруды ғана емес, тәртіпті, табандылықты, жауапкершілікті, жеңіске деген құштарлықты үйретеді. Бүгінгі заманда бұл қасиеттердің маңызы айрықша.

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спортты дамыту бағытында айтқан сөзінде «жастардың жарқын болашағы үшін тең мүмкіндік жасау – мемлекет алдындағы басты міндеттердің бірі» екенін баса айтқан болатын. Шақпақтағы жаңа спорт кешені осы міндеттің ауылдық деңгейде қалай жүзеге асып жатқанын айқын көрсетеді. Бұл ауылға салынған нысан – тек құрылыс емес, бұл – болашаққа жасалған нақты қадам. Жаңа орталықта өсіп шыққан жасөспірімдердің бірі ертеңгі күні ел чемпиондарына айналуы да әбден мүмкін.

 

Ауыл тұрғындары үшін жаңа кешеннің ашылуы тек спорттық маңызы бар оқиға ғана емес, бұл – ауыл өмірінің жаңаруы, тұрғындардың бірлігі мен серпілісінің айқын белгісі. Кешен алдағы уақытта ауылдың мәдени іс-шаралары, кездесулері, түрлі жарыстары өтетін орынға айналатыны анық. Осылайша, нысан ауылдың әлеуметтік және спорттық орталықтарының бірі болып, көптеген игілікті бастаманың тірегіне айналмақ.

 

Шақпақ елді мекенінің бүгінде жаңа тынысы ашылып келеді. Спорт кешенінің пайдалануға берілуі – осының айқын дәлелі. Бұл нысан ауыл жастарының өміріне өзгеріс әкеліп қана қоймай, олардың болашағына жол ашады. Денсаулығы мықты, рухы биік ұрпақ өсіру жолындағы тірліктің қай-қайсысы да қашан да құнды, ал мұндай нақты істердің жемісі уақыт өткен сайын өз нәтижесін береді.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin