• 15 декабря, 2025 3:29 дп

ЕҢБЕК АДАМЫ – ЖАУАПКЕРШІЛІК ҮЛГІСІ

Автор:admin

Ноя 19, 2025

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:

«Еңбек адамы – ел экономикасының өзегі, қоғамның қозғаушы күші. Адал еңбек еткен азаматтарымыздың мәртебесін көтеру – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі», – деп айтқан болатын.

Бұл сөздер – ел дамуына үнсіз үлес қосып жүрген еңбек адамдарының қымбат құндылығын айқындайтын бағалы тұжырым.

Ауданымызда өз кәсібіне адал, туған жерінің өркендеуіне үлес қосып жүрген еңбек адамдары аз емес. Солардың бірі – ұзақ жылдар бойы жауапкершілік пен тиянақтылықтың үлгісін көрсетіп келе жатқан Ысмайыл Қайрош. Оның адами бейнесі де, еңбек жолы да жас ұрпаққа өнеге боларлық.

1966 жылы ауданымыздағы Темірлан ауылында дүниеге келген ол бала кезінен еңбекқорлығымен, алғырлығымен көзге түсті. Жастайынан техникаға қызығып, білімге құштар болды. Мектептен кейін Шымкент технологиялық институтына (қазіргі ҚазХТИ) түсіп, жоғары техникалық білім алып шықты. Жас маман ретінде өзінің кәсіби бағытын энергетика саласымен байланыстырды.

Қайрош Ысмайылұлы еңбек жолын энергетик болып бастап, бұл салада 17 жыл бойы абыроймен қызмет атқарды. Қай істі қолға алса да, мұқияттылығы мен жауапкершілігімен ерекшеленіп, әріптестерінің зор құрметіне ие болды. Білікті маман күрделі техникалық жүйелерді де, күнделікті электр желілерін де бірдей меңгеріп, талай істің тиімді әрі қауіпсіз орындалуына атсалысты.

Бүгінде ол инженер-электрик ретінде ауданның «Абаттандыру» мекемесінде бөлімше басшысы қызметін атқарып келеді. Өз саласының қыр-сырын терең меңгерген, қажетті шешімді уақытылы қабылдай алатын білікті басшы ретінде танылған. Жұмыс барысында ешқашан жеңіл жолды іздемей, әр тапсырманы тиянақтылықпен орындайды. Оның басты ұстанымы – «еңбектің қадірін білген адам елге де, қоғамға да пайдасын тигізеді» деген қағида.

Ысмайыл Қайрош — өз ісінің нағыз шебері. Электр жүйелерінің қауіпсіздігі, ақауларды уақытында анықтау, үлкен жобаларды үйлестіру сияқты маңызды жұмыстарды мінсіз атқарып келеді. Әріптестері оны тәжірибелі маман, талапшыл қызметкер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азамат ретінде құрметтейді. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, ұжым ішінде тұрақты еңбек мәдениетінің қалыптасуына ықпал етіп жүр.

Мұндай жандардың еңбегін дәріптеу – тек алғыс айту ғана емес, қоғамға үлгі көрсету. Ысмайыл Қайрош сынды еңбек адамдарының жауапкершілігі мен табандылығы – жас буынды тәрбиелеудің ең жарқын жолы. Олар сияқты азаматтар ел дамуының негізін нығайтып, қоғамның тірегі бола береді.

Jsk ақпараттық агенттігі.

Автор: admin