Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еңбек адамы – жаңа Қазақстанды құрудағы ең басты күш. Адал қызмет еткен жан әрқашан құрметке лайық», – деп атап өткен болатын. Бұл сөздер елінің игілігі үшін мүдделі, өз ісіне берілген мамандарға қарата айтылғандай. Солардың бірі – туған жеріне білімі мен тәжірибесін арнап жүрген жас әрі білікті уролог-дәрігер Жәнібеков Нұрсұлтан Серікұлы.
Ордабасы ауданы, Мақташы елді мекенінде дүниеге келген Нұрсұлтан Серікұлы бала кезінен-ақ медицина саласына ерекше қызығушылық танытып өсті. 2010 жылы Мақташы жалпы орта мектебін бітірген соң, адамның өмірін ажалдан арашалайтын қасиетті мамандықты таңдауды шешіп, Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Жалпы медицина» мамандығына оқуға түседі. Бұл таңдауы – оның болашақ өмір жолын айқындаған маңызды қадам болды.
2015–2017 жылдары ХҚТУ-дің Шымкент қаласындағы филиалында интернатура-хирургия бағытында білім алып, алғашқы кәсіби тәжірибесін қалыптастырды. Сол кезеңнен бастап ол медицина ғылымының жауапкершілігі мол, тынымсыз еңбекті талап ететін ауыр жолына түсті. Білімін одан әрі тереңдету мақсатында 2017–2020 жылдары Жарбосынов атындағы урологиялық ғылыми орталықта резидентураны оқып тәмамдап, урология саласының заманауи әдістерін меңгерді. Бұл орталық – еліміздегі үздік медициналық мекемелердің бірі, онда талай мықты мамандар шыңдалады. Нұрсұлтан Серікұлының да кәсіби қалыптасуы осы шаңырақта басталды.
Еңбек жолын дәл осы орталықта бастап, 2020–2021 жылдары өз саласы бойынша тәжірибе жинақтады. Дегенмен оның жүрегінде туған жеріне қызмет ету деген асқақ мақсат болды. 2021 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Ордабасы аудандық орталық ауруханасына уролог-дәрігер болып тағайындалып, туған еліне оралды. Содан бері ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға, уақытылы диагностика жасап, күрделі ем-шараларды жүргізуге бар күшін салып келеді.
Жас маманның кәсібилігі мен еңбекке деген жауапкершілігі көпшіліктің ризашылығына бөленді. Уақытпен санаспай, науқастардың жағдайын жақсарту үшін тер төгіп жүрген оның еңбегі – бүгінгі буынға үлгі, ертеңгі ұрпаққа өнеге.
Еңбек адамы деген ұғым – тек қолмен істейтін қара жұмыс емес. Бұл – елге адал қызмет ету, өз ісінің шебері болу, қоғамға пайда тигізу. Нұрсұлтан Серікұлының өмір жолы осы ұғымды толық дәлелдейді. Оның мақсатшылдығы, іскерлігі, адами болмысы – туған жердің абыройын асқақтататын қасиеттер.
Jsk ақпараттық агенттігі.
