Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Еңбек адамы – біздің қоғамның негізгі тірегі. Жауапкершілікті абыроймен атқарып, адал қызмет ету – Отан алдындағы ең үлкен борыштардың бірі», – деп атап өткен еді.
Бұл сөздер елдің дамуына, халықтың денсаулығы мен болашағына үлес қосып жүрген мыңдаған маманның еңбегіне берілген жоғары баға. Сол жандардың қатарында ұзақ жылдық тәжірибесімен, қарапайымдылығымен, адам жанына деген шексіз жанашырлығымен ерекшеленетін дәрігерлер де бар.
Адамның абыройын биіктететін — оның маңдай тері мен елге сіңірген еңбегі. Осындай еңбекқор да мейірімді жандардың бірі – Ордабасы аудандық орталық ауруханасының тәжірибелі педиатры, 32 жылдық кәсіби жолы бар балалар дәрігері Гүлвира Юсупова.
Гүлвира Амангельдиевна 1969 жылы Төлеби ауданында дүниеге келген. Жастайынан адамға көмек көрсетуді мақсат етіп, емшілік жолына ерекше ықыласпен бет бұрды. Мектепті аяқтаған соң алғашқы еңбек жолын Қазығұрт аудандық ауруханасында қарапайым қызметкер болып бастады. Ал 1987 жылы Семей мемлекеттік медицина университетіне оқуға түсіп, 1993 жылы үздік нәтижемен тәмамдап, педиатр мамандығын меңгерді.
Сол жылы Ордабасы аудандық орталық ауруханасында еңбек жолын жалғастырып, содан бері аудан тұрғындарына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Оның кәсіби тәжірибесі мен адалдығы әр жылдары атқарған жауапты қызметтерінен айқын көрінеді.
1994–2001 және 2011–2015 жылдары перзентхана бөлімінде неонатолог,
1998–2001 жылдары балаларға кеңес беру бөлімінің меңгерушісі,
2009–2015 жылдары ауданның бас педиатры қызметін абыроймен атқарды.
Осы жылдар ішінде мыңдаған баланың өмірін сақтап, талай ата-ананың үмітін жалғаған білікті маман бүгінде де қызметін адал атқарып келеді. Оның айтуынша, дәрігерлік — жай ғана мамандық емес, жүректің таңдауы, өмірлік миссия. Науқастың көзіндегі сенім мен ата-ананың алғысы — оның ең үлкен марапаты.
Аудандағы медицина саласына сіңірген еңбегі елеулі Гүлвира Юсупова секілді мамандар — қоғамның тірегі, елдің шынайы жанашыры. Олардың тыныш еңбегі мен табанды қызметі – ұлт саулығының кепілі, болашақ ұрпақтың амандығына жасалған игі үлес.
Гүлвира Амангельдиевна әрбір баланың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, ата-аналарға медициналық кеңес беруде де үлкен тәжірибе жинаған. Ол көптеген жас дәрігерлерге тәлімгер болып, кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етіп келеді. Өз ісіне деген тиянақтылығы мен талапшылдығы жас мамандардың бойында да жауапкершілік пен кәсібилікті қалыптастыруға септігін тигізуде. Ұжым арасында сыйлы, науқастарға ұқыптылығы мен адамгершілігі үшін құрметке бөленіп жүрген дәрігер — аудан медицинасының дамуына өзіндік үлес қосқан жан.
Бүгінде ол тек емдеу ісімен ғана айналыспай, тұрғындар арасында бала денсаулығын сақтау, дұрыс күтім жасау, аурудың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Әсіресе, жаңа туған балалардың күтімі мен ана денсаулығына қатысты кеңестері көп отбасыға пайдалы болып отыр. Оның мейірімі мен кәсіби біліктілігі талай жанның жүрегінен орын алып, дәрігерлік қызметтің қадірін арттыра түсуде. Осындай жанашыр мамандардың еңбегі — ел мәртебесін өсіретін, қоғамның дамуына негіз болатын баға жетпес құндылық.
Jsk ақпараттық агенттігі.
